Жаңалықтар

Банк шоттарын бақылау: Бектенов депутаттармен неге келіспеді

Салықшылар шоттарды қалай бақылайды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Премьер-министр Олжас Бектенов «салықшылар банктердегі клиенттер ақпаратына тек сот шешімдері арқылы қол жеткізуі керек» деген депутаттардың пікірімен келіспеді.

Депуатттар неге дабыл қақты

Бұдан бұрын «Ақ жол» партиясының депутаттары азаматтар мен бизнестің банк шоттары, ақша қозғалысы және қалдықтары туралы ақпаратқа мемлекеттік кірістер органдарының толық әрі тұрақты қол жеткізуге мүмкіндік беретін бастаманы Қаржы министрлігі белсенді түрде жылжытып жатқанын хабарлаған еді.

Олардың сөзінше, биыл 12 қыркүйекте «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында «Банк шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері, осы шоттардағы ақшаның қозғалысы мен қалдығы туралы мәліметтердің нысандарын бекіту туралы» Қаржы министрінің бұйрығының жобасы орналастырылған. Ол жобаны қабылдау мақсаты, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру және салықтық тәуекелдерді уақтылы анықтау болып айқындалады делінген.

«Алайда, бұл хабарламада құжаттың толық мәтіні орналастырылмаған. Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясына азаматтар мен кәсіпкерлерден мемлекеттік араласудың мұндай әрекетіне алаңдаушылық білдірген өтініштер келіп түсуде», – деген сенаторлар мұны тоқтатуды талап еткен еді.

Бектенов не дейді

Бұл сауалға берген жауабында Олжас Бектенов әлемдік тәжірибені алға тартады. Оның сөзінше, әлемдік тәжірибеде көптеген мемлекеттер (АҚШ, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және т.б.) салық органдарына сұрау салу бойынша немесе автоматты режимде банктік ақпарат алуға рұқсат береді. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, салық органдарының банктік мәліметтерге қолжетімділігі неғұрлым кең әрі жедел болса, көлеңкелі экономика деңгейі соғұрлым төмен және салық тәртібі жоғары болады.

«Мәселен, Францияда банк шоттары, қалдық пайыздар және дивидендтер туралы автоматты есеп беру енгізілген соң салық төлемеу жағдайларының анықталуы 5 жылда 3 есе өсті, көлеңкелі экономика ішкі жалпы өнімнің 10-11%-ын құрайды және Еуропалық одақ елдеріндегі ең төмен көрсеткіштердің бірі . Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары банк ұйымдарынан Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес сұрау салу бойынша ақпарат алады. Мемлекеттік кірістер органдарына салықтар мен төлемдердің бюджетке түсуінің толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген», – дейді Бектенов.

Үкімет басшысы бұл ретте ақпаратты сот шешімі бойынша беру қажетті ақпаратты алу мерзімдерін кешіктіруге, бюрократияға, мемлекеттік кірістер органдарына жүктелген міндеттерді орындау үшін қосымша әкімшілік тосқауылға, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді азайтуға, көлеңкелі экономика деңгейін арттыруға, сондай-ақ сот органдарының жүктемесін ұлғайтуға әкеп соғатынын хабарлайды.