Ақылы жолдардан бюджетке 62 млрд теңге түсті

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
ақылы жолдар
фото: ашық дереккөзден

Қазақстандағы ақылы жолдардан бюджетке 62 млрд теңге қаржы түсті. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты.

Оның айтуынша, бүгінде республикалық маңызы бар 4883 шақырымды қамтитын 26 ақылы автожол учаскесі пайдалануға берілген.

«2025 жылдың тоғыз айында ақылы жолдардан 62 миллиард теңге түсті. Бұл қаражат толықтай осы учаскелерді күтіп-ұстауға және техникалық паркті жаңартуға бағытталады», – деді Иманашев.

Оның айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдар желісінде шамамен 1500 жол бойы қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Олардың 93%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендірілген.

«Жол пайдаланушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 30 жаңа санитарлық-гигиеналық модуль орнатылды. Онда жылы дәретханалар, шағын дүкендер мен кафетерийлер бар. Қазір олардың жалпы саны 155-ке жетті. Алдағы уақытта мұндай нысандардың санын кезең-кезеңімен арттыру және маусымдық ескі нысандардың үлесін азайту жоспарланып отыр», – деді ол.

Былтыр елдегі ақылы жолдардан 48 млрд теңге түскен. Көлік министрлігі бұл көрсеткішті 2026 жылы 100 млрд теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз