Авто

Қытайда ең сенімді бензинмен жүретін көліктер анықталды

Бұл тізімде қазақстандықтарға жақсы таныс көлік брендтері бар /фото: kursiv.media архивінен

Америкалық J.D. Power агенттігінің Қытайдағы бөлімшесі 2025 жылғы ең сенімді әрі мықты бензинмен жүретін көліктерді атады. Тізімге қазақстандық автокөлік жүргізушілеріне жақсы таныс брендтер мен модельдер кірген. Қытайлық көліктер арасында Chery көшбасшы атанды.

J.D. Power China 16 жыл бойы бензинмен жүретін көліктерге зерттеу жүргізіп келеді. Сарапшылар жаңадан сатып алынған автоларға назар аударып, оларды 1 жылдан 4 жылға дейін зерттейді. Көлік иелері арасында қозғалтқыш пен беріліс қорабындағы ақаулар, ішкі және сыртқы ақаулар, электроника және функциялардың өнімділігі сияқты 177 мәселе бойынша сауалнама жүргізеді.

Зерттеу Қытайдың 81 қаласында 2021 жылдың ақпанынан 2024 жылдың маусымына дейін сатып алынған 22 900 көлікті қамтыды. Сарапшылар 38 брендтің 166 моделін талдады. Рейтинг PP100 индексіне негізделген, ол 100 көлікке шаққандағы ақаулар санын көрсетеді. PP100 индексі неғұрлым жоғары болса, көліктің сапасы соғұрлым төмен деген сөз.

Жалпы зерттеу нәтижелері

J.D. Power China сарапшылары жанармайға негізделген көліктердің сапасы біртіндеп төмендеп келе жатқанын анықтады. 100 көлікке шаққандағы орташа мәселелер саны 197-ге (PP100) жетті, бұл көрсеткіш 7 ұпайға өскенін аңғартады. Қытайда үш жыл қатарынан ішкі жану қозғалтқыштарының сенімділігі туралы теріс пікірлер саны артып келеді. Ең көп таралған шағымдар – қозғалтқыштағы діріл.

Сонымен қатар бензин көліктердің ақпараттық-ойын-сауық жүйелерінде ақаулар жиі тіркелетіні анықталған. Белсенді жүргізушіге көмек көрсету функцияларында да ақаулар бар. Сарапшылар бұл үрдіс гибридті және электр көліктерімен бәсекелесу үшін дәстүрлі көліктерге электронды технологияларды асығыс енгізудің салдары деген қорытындыға келді.

Дәстүрлі түрде ең аз ақау премиум брендтерде тіркеледі (181 балл). Ал жалпы жаппай шығарылатын маркалардың орташа сапа көрсеткіші – 202 балл. Тек қытайлық автоконцерндер әзірге бұл жағынан артта қалып отыр. Олардың нәтижесі 221 балл.

Ең сенімді брендтер

Зерттеу орталығы мәліметтері бойынша, 2025 жылы Қытай автонарығындағы ең сенімді бренд болып FAW Toyota танылды. Жапон компаниясы мен Қытайдың мемлекеттік концерні арасындағы бірлескен кәсіпорынның көліктері орта есеппен 156 балл жинады. FAW Toyota-дан кейін премиум брендтер арасында сенімділік бойынша бірінші орынды 157 балмен Land Rover иеленді. Үздік үштікті тағы да GAC-пен серіктестікте Toyota қорытындылады. Оның нәтижесі 158 балл болды.

Ал таза Қытай брендтері үздік ондыққа іліккен жоқ. Қытай сегментін бөлек қарастырсақ, Chery 188 балмен сенімді түрде көш бастады. Hongqi 192 балмен одан кейін тұр. Geely 200 ұпайымен үздік үштікті аяқтады.

Ең сенімді модельдерге тоқталсақ

Ең сенімді көліктер тізімі бірнеше топқа жіктелді. Ықшам жеңіл көліктер сегментінде алғашқы үштікке Chery Arrizo 5, Geely Emgrand және Jetta VA3 кірді. Қымбатырақ ықшам көліктер санатында Toyota Corolla және Toyota Levin көліктері ұсынылды. Сәнді ықшам көліктер арасында Audi A3, Mercedes C-Class және BMW 3 Series ең үздік болып танылды.

Орташа эконом-санатындағы седандар арасында қытайлық модельдерге орын табылмады. Алғашқы үш орынды Nissan Sylphy, Nissan Tiida және Buick Verano Pro бөлісті. Қымбат сегментке Volkswagen Lamando, Chery Arrizo 8 және Geely Preface кірді. Қымбат сегменттен Ford Mondeo, Volkswagen Passat және Toyota Avalon табылды. Сәнді орта өлшемді жол талғамайтын көліктер арасында BMW 5 Series көш бастады.

Қытайлық көліктер седандар санатында артта қалса да, кроссоверлер арасында үштіктен ойып тұрып орын алды. GAC GS3, Geely Coolray, Changan CS35 Plus және Geely Coolray Cool ықшам жол талғамайтын көліктер санатындағы көшбасшылар болды. Орташа өлшемді эконом жол талғамайтын көліктер арасында алғашқы үш орынды Geely Cityray, Chery Tiggo 8 және Changan Uni-T иеленді. Қымбатырақ орта өлшемді жол талғамайтын көліктер арасында алғашқы үш орынды Chery Tiggo 8 Pro, Toyota Frontlander және Volkswagen T-Roc алды.

Шағын минивэндер арасында алғашқы екі орынды Wuling Hongguang S және Wuling Jiachen бөлісті. Honda Odyssay, Buick GL8 және GAC M8 ең үздік үлкен MPV деп атанды.

Осыған дейін Құрама шаттардың Жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтандыру институты (IIHS) краш-тест нәтижелері бойынша ең қауіпсіз автокөліктер тізімін жариялаған еді.