
Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған Бақытгүл Хаменованың Атыраудағы тойға баруы пробация қызметімен келісілген. Бұл туралы кулуарда Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.
Оның сөзінше, егер сотталған адамға жазаны өтеу мерзімі кейінге шегерілсе, той сияқты шараларға қатысуға тыйым салынбайды.
«Бақытгүл Хаменоваға үш жылға жазаны өтеуді кейінге шегеру қолданылған. Мұндай жағдайда шараларға қатысуға негізінен рұқсат етіледі. Ол пробация қызметінен арнайы рұқсат алған», – деді Бас прокурордың орынбасары.
Екі күн бұрын желіде Бақытгүл Хаменованың тойға қатысқан кадрлер бар видео тараған. Көпшілік арасында бұл қызу талқыланды. Еске салайық, Хаменова пара алғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда сот 2022 жылы оның екі кішкентай баласы барын ескеріп, жазаны өтеуді кейінге қалдырған.