Lifestyle

Димаш Құдайберген продюсер болған шоу қашан басталады

Фото: ашық дереккөзден

Димаш Құдайбергеннің халықаралық «Voice Beyond Horizon» атты жобасын қазақстандықтар мен әлемдік көрермен қашан көре алатыны белгілі болды. Ақпаратты Димаш Құдайберген инстаграм парақшасында жазды.

Белгілі болғандай, Hunan Broadcasting System және Димаш Құдайберген бірлесіп дайындаған жобаның түсірілімдері аяқталуға жақын.

«Сегіз жыл бұрын Димаш Қытай сахнасына шыққанда, өнердің шекарасы жоқ екенін сезінді. Ол Ұлы Жібек жолының әуендері бүкіл әлемге естілсе деп армандады. Жаңа жобада ол сегіз әншіні шақырды: Принс (Сербия), Цай Чэнъюй (Қытай), Джулия (Италия), Чжан Синьюй (Қытай), Нұржас (Қазақстан), Ла Даньчжу (Қытай), Джесси Ли (Малайзия), Нұр Чолпон (Қырғызстан). Олар 22 күн ішінде 7 436 шақырым жол жүріп, Қазақстанның төрт қаласына барды. Музыка мен жүрек соғысы бір ырғақта, ал әндер – Ұлы Жібек жолының мыңжылдық өркениетінің жаңғырығындай болды. Грандиозды премьера 2026 жылы!» – деп жазылған Димаштың инстаграмындағы жазбасында.

Еске салайық, 2025 жылдың 1 қыркүйегінде Димаш Құдайберген жаңа музыкалық реалити-шоудың бас продюсері болатыны хабарланған. Бұл жобада түрлі елдің вокалистері қатысады. Түсірілімдер Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астанада өткен.

30 қыркүйекте түсірілім аяқталды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Туризм және спорт министрлігі атынан үздік қатысушыларға арнайы марапат табысталған.