
АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы келіссөзі 1 сағат 40 минутқа созылды. Әлемдік қауымдастықтың назарын аударған кездесу Оңтүстік Корея ӘӘК авиабазасында жабық форматта өтті.
Трамп Сиді «ескі досым» деп атап, «ұлы елдің ұлы басшысымен қатар болу – мен үшін үлкен құрмет» деді.
«Біз көптеген мәселе бойынша келісімге келдік, ал бірнешеуін дәл қазір талқылап жатырмыз», – деді ол.
Си Цзиньпин өз кезегінде Вашингтон мен Бейжің арасындағы қатынастар «жалпы тұрақты» болғанын айтып, екі елдің «бірлескен басшылығымен дұрыс бағытты сақтай алатынын» мәлімдеді.
Кездесу Кимхэ әуежайының жанындағы авиабазада өтті. Америкалық делегация құрамында мемлекеттік хатшы Марко Рубио, қаржы министрі Скотт Бессент және сауда өкілі Джеймисон Грир болды.
АҚШ-тың ауыл шаруашылығы министрі Брук Роллинз Қытайдың бірнеше ай үзілістен кейін америкалық сояны қайта сатып ала бастағанын растады.
«Қытайдың америкалық соя партияларын сатып алуы – Президенттің тиімді келісімдер жасап, фермерлер үшін оң қадам жасағанының дәлелі. Бұл – тамаша бастама. Біз әділ әрі бәсекеге қабілетті жүйеде америкалық ауыл шаруашылығының өркендеуіне жол ашып келеміз», – деп жазды Брук Роллинз Х әлеуметтік желісінде.
Ресми мәліметтер жарияланбағанымен, дереккөздердің айтуынша, тараптар сауда, ядролық қауіпсіздік және өңірлік тұрақтылық мәселелерін талқылаған. Сарапшылар бұл кездесу екі ел делегациялары Малайзияда келіскен сауда бітімін растауы мүмкін деп бағалайды.