Студенттердің 43%-ы депрессияға бейім. Себеп неде?

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Мақсат Жақауов қазіргі таңда студенттердің 43%-ы депрессиялық күйде жүргенін айтты.
Университет өкілі бұл жағдайды қалыпты деп бағалап отыр. Себебі студенттік өмір үнемі психологиялық қысымға толы кезең. Әсіресе, ҚазҰПУ-де білім алушылардың 85%-дан астамы өзге өңірлерден келген жастар. Олар үйреншікті, жайлы ортасынан шығып, бейтаныс қалаға қоныс аударады. Жаңа орта, жаңа ережелер мен жауапкершілік, мұның бәрі психологиялық күйзелісті күшейте түседі.
«Көп жағдайда бұл бакалавриат деңгейіндегі студенттерге тән. Алайда 43% көрсеткіші барлық студентке ортақ емес. Бұл – нақты бір уақытта 800-1500 студент арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі», – деді Жақауов.
Жақауов бұл көрсеткіш алаңдаушылық тудырғанымен, оны біржақты қабылдауға болмайтынын айтады.
«Депрессивтік жағдайдың әртүрлі себебі бар. Оның ара-жігін ажыратып қарастыруымыз керек. Сондықтан бұл көрсеткішті тым үлкен деп те айтуға келмейді. Бірақ бұл санаттағы жастармен жұмыс жүргізу қажеттігін көрсетеді», – дейді проректор.
Оның айтуынша, депрессиялық жағдай әлеуметтік күйзелістің көрінісі емес. Себептері әртүрлі болуы мүмкін: отбасылық қиындықтар, қаржылық мәселелер, әлеуметтік ортаға бейімделу секілді жеке факторлар басым.
«Бізге студенттің тек білімі емес, оның психологиялық жағдайы да маңызды. Сондықтан университет тарапынан бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып жатыр», – дейді Мақсат Жақауов.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1 миллиардтан астам адам психикалық денсаулықтағы бұзылыстармен, үрейлі жағдаймен, депрессиямен және басқа да психикалық дисфункциялармен өмір сүріп жатқанын мәлімдеді.