Танзанияда президент сайлауынан кейін жаппай наразылық басталды

Танзанияның ең үлкен қаласы Дар-эс-Саламда, сондай-ақ, басқа қалаларда 29 қазанда аяқталған президенттік сайлаудан кейін жаппай наразылық акциялары өтті. Оппозиция қазіргі президент Самия Сулуханы ең маңызды екі қарсыласын сайлаудан шығарды деп айыптайды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
The Guardian ақпаратына сүйенсек, полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен атыс қаруын қолданды. Дар-эс-Саламда коменданттық сағат жарияланды. Елдің әртүрлі бөлігінде интернет өшіріліп жатыр. Алдын ала деректер бойынша, құқық қорғау күштерімен қақтығыста кем дегенде он адам қаза тапқан.
Сыншылар Самия Сулуха мен оның жақтастарын цензураны күшейту, саяси қарсыластарға қарсы қуғын-сүргін, ұрлау және белсенділердің жоғалып кетте деп айыптайды. Сәуірде демократия және прогресс партиясы басшысының орынбасары Тунду Лисса мемлекетке опасыздық жасады және киберқылмыс жасады деген айыппен қамауға алынды. Қыркүйек айында «Өзгерістер мен ашықтық альянсы» оппозициялық партиясының басшысы Лухаг Мпин сайлаудан шығарылды.
Самия Сулуха 2021 жылы алдынғы президент Джон Магуфули қайтыс болған кезде қызметке келді. Яғни президент қайтыс болғаннан кейін вице-президент ретінде қызметті уақытша атқарып келген. Бұл сайлау ол қатысқан бірінші дода еді. Сайлаудың ресми нәтижелері әлі жарияланған жоқ, бірақ Танзанияның мемлекеттік телеарналары елдің әр түрлі аудандарында Сулуханың жеңісі туралы хабарлады.