
Ерлер үстемдік құрған саясат әлемінде әйелдің билік басына келуі – жаһан назарын аудартатын жайт. Жақында Жапония премьер-министрі болып сайланған Санаэ Такаичи – ел тарихында осы лауазымға ие болған тұңғыш әйел. Есімі тарихта қалатыны сөзсіз.
Дегенмен бұл жайт елдегі әйелдердің жағдайына жағымды әсер ете ала ма? Васэда университетіндегі зерттеуші Питер Чайдың пікірінше, бұл жаңалық Жапонияда гендерлік теңдік орнату жолында айтарлықтай өзгерістің болатынын білдірмейді.

Әйел келсе билікке
Такаичи ханымның саяси көзқарасы мен басшылық ұстанымы – елдің бұрынғы премьер-министрі, марқұм Синдзо Абэнікіне көп ұқсайды (Такаичи Абэнің шәкірті саналады). Ұстазы Абэ сияқты, Такаичи де сөз жүзінде қызметтегі әйелдердің құқықтарын қорғап, мүмкіндіктерін арттырамын дегенімен, іс жүзінде ерлер мен әйелдердің теңдігіне кедергі болып тұрған байырғы тәртіп пен мәдени стереотиптерді бұзуға қауқарсыз.
Өз партиясының жетекшісі болып сайлануына орай жасаған мәлімдемесінде, Такаичи:
«Мен «жұмыс пен жеке өмір арасында баланс сақтау» ұғымынан бас тартамын. Менің таңдауым – жұмыс, жұмыс, жұмыс және тағы да жұмыс», – деген.
Бұл сөзі оның еңбекқорлығы мен ісіне әбден берілгендігін айғақтап тұрғандай. Алайда бажайлап қарасаңыз, оның әйел «еркектен әлдеқайда көп еңбектеніп, жанкештілік танытқанда ғана мойындалады, сонда ғана ол көш бастауға лайықты көрінеді» деген таптаурыннан арылмағанын аңғартады.
Консерваторлар ырза
Бір жағынан, Такаичи басшылық рөлдерге әйелдерді көптеп тарту керегін ашық насихаттап жүрген қайраткер. Соған қарамастан ол Жапониядағы гендерлік теңдік бағытындағы түбегейлі реформаларға: мысалы, тұрмысқа шыққан әйелдерге күйеуінің тегін алмай, өз фамилиясында қалуына; жынысы бір азаматтардың некелесуіне рұқсат беруге қарсы.
Жапония – конституциялық монархия, мемлекет басшысы – император. Тақ мұрагерлігі мәселесіне келгенде, Такаичи билікті атадан – ұлға не әулеттегі еркек кіндікті ұрпаққа тапсыру дәстүрін елдің «теңдесі жоқ қазынасындай» сақтау керек деген ұстанымда.
Сол себепті дәл осы жағдайда әйел басшының елдегі әйелдер мен азшылық топтарды жарылқайтыны екіталай деген тұжырым негізсіз емес.