Жол полициясының жиі тоқтату себебі неде

Қазақстанда автокөліктер саны жыл сайын артып келеді. Соған сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері де көбейген. Ресми статистикаға сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда жалпы саны 15,1 млн әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылдан 37,8%-ға көп. Мұндай өсім жолдағы бақылаудың күшеюі мен автоматтандырылған бейнебақылау жүйелерінің дамуына байланысты дейді сарапшылар.
Kursiv.Media тілшісі Қазақстанда жүргізушілер жиі жіберетін жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері және олардың салдарын қарастырып көрді.
Жылдамдық режимін бұзу
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметінше, бұл жолдағы ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың бірі. Әсіресе қаладан тыс тас жолдарда жүргізушілер жылдамдық белгіленген межеден асыратыны жасырын емес.
Жоғары жылдамдық апат қаупін бірнеше есе арттырады, көлік тежегішінің тиімділігі төмендейді.
Әкімшілік кодекстің 592-бабы бойынша жылдамдықты 10-20 км/сағатқа асырғаны үшін ескерту немесе айыппұл, ал 40 км/сағаттан артық асырған жағдайда – 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. 2024 жылы жалпы сомасы 76,4 млрд теңге болатын 5,8 млн жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. 2025 жылы жолда жылдамдықты асырғандарға кемінде 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл көзделген.
Жол белгілерін сақтамау
Көп жағдайда жүргізушілер «жол бер» немесе «бұрылуға тыйым салынады» белгілерін елемейді. Бұл болмайтын дүние көрінгенмен, кептеліске жиі себеп болады. Былтыр елде осы бағытта жалпы сомасы 18,1 млрд теңгеге 2,8 млн заң бұзушылық тіркелді.
2025 жылы бұған 3 АЕК-тен жоғары (11 796 теңге) айыппұл қарастырылған.
Тұрақ және аялдау ережесін бұзу
Көбіне бұл заң бұзушылық ірі қалаларда, әсіресе Астана мен Алматы орталығында тіркеледі. Рұқсат етілмеген жерге қойылған көліктер эвакуатор арқылы айыптұраққа әкетіледі. Былтыр елде 455 мың жағдай тіркелді, айыппұл сомасы 3,6 млрд теңгені құрады.
Аталған жағдайда 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл қарастырылған.
Жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы
Жаяу жүргіншілердің жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуі – апаттардың шамамен 30%-ына себеп болады. Жалпы саны өткен жылы 443 мың құқықбұзушылық анықталып, 2,8 млрд теңге айыппұл салынды. Тәртіп сақтамайтын жаяу жүргіншілерге 2 АЕК (7 864 теңге) айыппұл қарастырылған.
Көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу
Бұл санатқа жарық шамының күйіп кетуі, сигнал жүйесінің істен шығуы немесе техникалық ақауға қарамастан жолға шығу жатады. Былтыр мұндай 414,4 мың жағдай тіркеліп, 6,1 млрд теңге айыппұл салынды. Жаза сомасы 19 660 теңге немесе 5 АЕК.
Қауіпсіздік белдігін тақпай, ұялы телефонмен сөйлесу
Көптеген жүргізушілер көлік тізгінінде отырғанда телефонмен сөйлеседі немесе мессенджерлерді қарайды. Салдарынан назар басқа дүниеге ауып, жол-көлік оқиғалары тіркеліп жатады. Бұндай әрекетке 595-бапқа сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Қауіпсіздік белдігі мен мотошлем – өмірді сақтайтын қарапайым, бірақ маңызды құрал. Дегенмен, жүргізушілердің айтарлықтай бөлігі мұны елемейді. Ал аталған талапты сақтамау 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл арқалауға негіз болуы мүмкін.
Міндетті сақтандырусыз көлік жүргізу
Ел заңнамасына сәйкес, міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисі болмаған жағдайда көлік жүргізуге тыйым салынады. Былтыр елде 146,7 мың жағдай тіркеліп, айыппұл көлемі 3,4 млрд теңгеге жетті. Аталған талапты елемегендерге 10 АЕК айыппұл және көлікті айыптұраққа қою сынды жаза қарастырылған.
Бағдаршамның қызыл белгісіне өту
Бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту – апаттардың ең жиі тіркелетін себебі. Көбіне жүргізушілер «жасыл жанып тұр, үлгеремін» деп тәуекел етеді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 599-бабына сәйкес, бағдаршамның қызыл түсіне немесе жол полициясының тыйым салатын бағдарынан өтіп кету жүргізушілерге 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады. Егер заң бұзушылық айыппұл салынғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, оның көлемі 15 АЕК (58 980 теңге) дейін артады.
Ішімдік ішкен масаң күйде көлік тізгіндеу және қоғамдық орынды ластау
Бұл бұзушылық көбіне демалыс және мереке күндері тіркеледі. Қоғамдық тәртіпті сақтау – әр азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігін көрсетеді. Ішімдік ішіп, көлік тізгініне жайғасатын «батырларға» ауыр жаза қарастырылған. Себебі бұл өте қауіпті құқықбұзушылықтардың бірі. Мәселен, алғаш рет ұсталған жағдайда – 15 тәулік әкімшілік қамау және 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру, ал қайталанса – қылмыстық жауапкершілік көзделген. Өткен жылы елде 150 мың жағдай тіркеліп, мұндай жүргізушілерге 2,9 млрд теңге айыппұл салынған.
Ал жолда келе жатып, терезеден қоқыс тастайтын еріншектерге 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Қазіргі кезде камералар бұл әрекетті автоматты түрде тіркей алады.
Егер айыппұлды тіркелген күннен бастап 7 тәулік ішінде төлесеңіз, оның тек 50%-ын ғана төлеу жеткілікті. Бұл заңмен бекітілген жеңілдік, сондықтан уақытында төлеу тиімді.
Еске сала кетсек, бұған дейін жол-көлік апатына түскен жағдайда әрекет ету туралы нұсқаулық әзірлеген едік.