
Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова баланың дамуына не кедергі екенін айтты.
Департамент басшысының айтуынша бүгінде елімізде сөйлемейтін, тілі кеш шығатын балалар көбейіп кеткен.
«2,3,4 жасқа келгенше сөйлемейтін, әлі тілі шықпаған балалар көбейіп кетті. Ата-ана бала құрсаққа біткеннен бастап оның күтіміне мән беру керек. Өздерін дайындауы қажет, ол үшін тиісті білім керек. Дені сау баланы өмірге әкелгеннен кейін, оның күтіміне, тәрбиесіне, даумына толыққанды мән беру керек екенін ата-ана білуі тиіс»,– деді Манара Адамова kursiv.Media тілшісіне.
Манара Адамова бала тілінің кеш шығуына смартфонның әсері көп екенін айтады. Сондай-ақ баланың дұрыс тамақтанбауы да бірден-бір себеп.
«Осы екеуі ең күрделі мәселеге айналып барады. Қазіргі таңда ата-аналар балаларын туғаннан бастап ұялы телефонға үйретіп тастаған. Арбасының алдына гаджетті қойып, қосып береді. Бұл өте өзекті, күрделі мәселе. Ата аналар оған жеткілікті мән беріп жатқан жоқ«,– деді департамент директоры.
Ал психолог Серікгүл Сәли қазір балалардың тілі кеш шығуына ықпал етіп отырған жайт – гаджеттер, смартфондар емес, ата-аналардың балаларына аз уақыт бөлуінде дейді.