Жаңалықтар

2026 жылы теңге бағамын не күтіп тұр

Теңге 2026 жыл құнсыздануы мүмкін / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылы доллардың орташа жылдық бағамы шамамен 551,36 теңгені құрауы мүмкін. AERC сарапшыларының шолуында келтірілген болжамға сәйкес, оған мұнай бағасының төмендеуі және шикізат экспорттаушы елдердің валюталарына сыртқы қолдаудың азаюы себеп болмақ.

Орталықтың талдаушылары USD/KZT жұбының жыл соңына дейінгі бағамына қатысты болжамында қайта қарады. Brent маркалы мұнай бағасына қатысты болжамның өзгеруіне байланысты теңге бағамының күшеюі туралы бастапқы жорамалдар түзетіліп, жаңа орташа деңгей 522,75 теңге деп белгіленді. Шілде айындағы болжамда бұл көрсеткіш 517,44 теңге болған еді.

Биылғы қыркүйек қорытындысы бойынша теңге 1,9%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 549,07 теңге деңгейіне түсті. Алайда 10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 18%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде ұлттық валюта орта мерзімде нығайып, қазан айының ортасында 536–538 теңге шамасында тұрақтады.

Ал 29 қазанда KASE биржасында доллар бағамы тағы да төмендеді. АҚШ валютасы бір күн ішінде 5,4 теңгеге немесе 1,01%-ға арзандап, 529,96 теңгеге дейін түсті.

Сарапшылардың айтуынша, бұл – бір реттік құбылыс. Оған ірі компаниялардың тоқсандық салығын төлеуі мен Қаржы министрлігі өткен аптада тартқан қарызының валютасын сатуы себеп болған.