
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бұрынғы қызметкері ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚР Бас прокуратурасы шетелден әкелінген жүк көліктерін Жетісу облысында заңсыз рәсімдеумен айналысқан қылмыстық топтың мүшесін Ресей Федерациясынан экстрадициялады. Күдікті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КАҚ-ның маманы бола тұра, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында 2022-2023 жылдар аралығында автокөлік иелерін іздеп тауып, алғашқы тіркеу алымдары бойынша төлемдер туралы көрінеу жалған мәліметтерді ақпараттық жүйесіне енгізу арқылы олардың көлік құралдарын заңсыз тіркеген», – делінген хабарламада.
Ведомство хабарлағандай, қылмыстық іс-әрекеттердің нәтижесінде 481 көлік құралы заңсыз есепке қойылған. Нәтижесінде бюджетке міндетті төлемдердің түспей, 3,7 млрд теңгеге аса ірі мөлшердегі мемлекетке залал келтірілген.
Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
«Биылғы жылдың наурыз айында ол Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды. Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамалды«, – деп хабарлады Бас прокуратура.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес оған тағылған айып бойынша мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Осыған дейін «Самұрық-Энергоның» еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңге ұрлаған күдікті Ресейден елге экстрадицияланған болатын.
 
                                                             
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                     
                    