«БАД» жүрек ауруларын емдемейді – кардиолог

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Кардиолог жүректің ишемиялық ауруы белгілерін айтты/фото: shutterstock,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Биологиялық белсенді қоспалар (БАД) жүрек ауруларын емдемейді. Оның орнына маман жазып берген медициналық препаратты ішкен жөн. Мұндай пікірді кардиолог, Астанадағы Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтының доценті Ақерке Бауыржанқызы айтты.

Маманның сөзінше, жүрек ауруларының алдын алуға болады. Ол үшін дұрыс тамақтану мен спортпен айналысудан бөлек ескеру қажет бірнеше жайт бар.

Қандай жағдайда дәрігерге жүгінген жөн?

Мәселен, жүрек тамырлары бітелуі салдарынан жүрекке келетін қанның азаюы медицинада жүректің ишемиялық ауруы деп аталады. Бұл ауру тұқым қуалауы да мүмкін, адамның өмір салтына қарай жүре келе де пайда болады. Туыстары жүректің кенет тоқтауы салдарынан қайтыс болғандар және 45-65 жастағы ер азаматтар тексеріліп тұрғаны жөн. Ал темекі тартып, ішімдік ішетіндер өмір салтын өзгертіп, аурудың алдын алуға мүмкіндігі бар.

«Алдымен адамның қан қысымы жоғарылайды. Оны артериальды гипертензия немесе артериальды қан қысымы деп атайды. Әуелі 18 жастан асқан әрбір адам өзінің артериальды қан қысымын білуі керек. Бес жылда бір рет өлшеп тұрса, аурудың алдын алуға көмектеседі. Аурудың бірінші факторы – қан қысымының жоғары болуы. Одан кейін бас ауырып, жүрек тұсындағы ауырсыну байқалса, дәрігерге жүгінгені жөн», – дейді кардиолог.

Жүректің ишемиялық ауруы бар-жоғын анықтау үшін алдымен адамның қан қысымы, холестерин мөлшері өлшенеді, электрокардиограмма (ЭКГ) жүргізіледі. Сол арқылы науқасқа диагноз қойылады.

Биологиялық белсенді қоспалар туралы миф

Кардиолог азаматтар арасында белсенді қоспаларға деген сенім барын айтады. Алайда ол ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.

«БАД-ты қолдану жүрек ауруының алдын алады деген миф бар. Науқаста жүректің ишемиялық ауруы анықталса, ең алдымен кардиологқа көрініп, медициналық препарат ішуі керек. Дәрі холестерин мөлшерін, қант деңгейін, артериальды қан қысымын түсіруге көмектеседі. Ал биологиялық белсенді қоспалар ғылыми дәлелденбеген», – дейді дәрігер.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас аритмологі Аян Әбдірахманов жүрек ырғағы бұзылған адамның бір сәтте өліп кетуі мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз