Bek Air ісі: ұшақ соқтығысқан үйдің иесі кінәсін мойындады

Алматыда алты жыл бұрын апатқа ұшыраған Bek Air ұшағына байланысты сот процесі өтіп жатыр. 2025 жылдың 31 қазанындағы сотта ұшақ соқтығысқан үйдің иесі Ришат Қалибектің кінәсін мойындағаны айтылды. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне айып тағылған марқұм ұшқыштың қызы Алина Молдақұл айтты.
«Алайда үйдің иесі бұл әрекеті үшін жауапқа тартылмайды, себебі бес жылда жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткен. Ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Демек, қылмыстық іс тоқтатылатын болғандықтан кінәсін мойындаған», – дейді Алина Молдақұл.
Айтуынша, марқұм болған екі ұшқышқа тағылған айып алынады. Осылайша адамдардың қазасына кінәлілер жауапқа тартылмайды.
«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, жарыссөзде прокурор Айдос Палманов оқиғаға ұшқыштар кінәлі екенін айтқан.
«Апат салдарынан 13 адам қаза тапты. 53 адамның денсаулығына зиян келді, оның ішінде 10 адам ауыр жарақат алды, 19 адам ауырлығы орташа жарақат алған. 21 адам жеңіл жарақат алды.
Соттан ұшқыш Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұловты кінәлі деп танып, олар қайтыс болғандықтан қылмыстық жаза қолданбауды, ал жәбірленуші тараптың азаматтық талабын толық көлемде қанағаттандыруды, жәбірленушілердің пайдасына «Bek Air» АҚ-дан 4 870 292 195 теңге және 7 мың АҚШ доллары мөлшерінде моральдық және материалдық залалды өндіріп беруді сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы Айдос Палманов.
Bek Air ұшағы құлады
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыда Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Алматыдан елордаға шыққан ұшақ таңғы 07:22 кезінде бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылыс нысанына соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шекті. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.
Қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі Марат Мұратбаев та бар. Екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов ауруханаға түсті. Алайда бір айға жуық уақыттан кейін екінші ұшқыш үйінде қайтыс болды.
Сот өтіп жатыр
Бұған дейін сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров сот отырысына қатысты. Маманның айтуынша, ұшақ белгілі бір жылдамдықпен қозғалып келе жатып, жердегі кедергіге соғылған кезде инерциялық күш әсерінен экипаж бен жолаушылардың денесі алға қарай ығысып кеткен.
Ұшқыштың қызы Алина Молдақұл тергеу барысында жіберілген заңбұзушылықтар туралы айтып берді. Сөзінше, ұшқыш жансақтау бөлімінде жатқанда одан үш рет жауап алынған.
