Блогер Аяз Шабутдинов 7 жылға сотталды

Мәскеудің Преснен аудандық соты ресейлік блогер және кәсіпкер Аяз Шабутдиновты жалпы режимдегі колонияға жеті жылға бас бостандығынан айыру және 5 млн рубль айыппұл төлеу жазасына кесті. Айыптау тарапы 8 жыл сұраған еді. Бұл туралы РБК жазады.
Сонымен қатар сот 47 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздарын ішінара қанағаттандырып, жалпы сомасы 82,2 млн рубль көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеді.
Шабутдиновты 2023 жылдың қарашасында Ресейдің Экономикалық қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері ұстаған. Оған Ресейдің Қылмыстық кодекстің 159-бабының 4-бөлігі бойынша («аса ірі көлемде ұйымдасқан топпен жасалған алаяқтық») айып тағылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, Шабутдинов пен оның серіктестері азаматтарға жоғары табысты бизнес құруға болады деген жалған әсер қалдырып, қымбат оқыту бағдарламаларын сатқан. Курстардың бағасы 60 мыңнан 12 млн рубльге дейін жеткен. Бірақ клиенттерде оқуын тоқтатып, ақшасын қайтаратындай мүмкіндік болмаған.
Жалпы залал көлемі 57 млн рубльден астам деп бағаланды.
Шабутдинов кінәсін мойындаған, бірақ «зиян келтіру ниеті болмағанын, адамдарға шын жүректен көмектескісі келгенін» айтты. Адвокатының айтуынша, блогер 73 жәбірленушіге залалдың орнын толтырған.
