Экспорт бәсеңдеп, импорт артты: Қазақстанның төлем балансы теріс қалыптасты

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның сыртқы сауда балансы төмендеп, елдің төлем балансы дефицитпен аяқталған. Ұлттық банк дерегінше, ағымдағы шот 0,6 млрд доллар тапшылық көрсетті. Былтыр осы кезеңде көрсеткіш нөлге жуық болған еді.
Негізгі себеп – шикізат экспортының азаюы. Биыл қаңтар–наурыз айларында экспорт көлемі 18,9 млрд доллардан 18,3 млрд долларға дейін, яғни 2,7%-ға қысқарған.
Негізінен шетелге сатылатын мұнай, уран және түсті металл көлемі азайды:
- Мұнай экспорты 1,8%-ға, немесе 202 млн долларға азайып, 10,9 млрд долларды құрады.
- Уран сатылымы да қысқарды. Оған АҚШ, Ресей және Францияға сатылатын уран көлемнің азаюы мен бағаның төмендеуі әсер еткен.
- Түсті металдар экспорты Қытайдағы мыс өндірісінің өсуіне байланысты кеміді.
Дегенмен, басқа тауарлар бойынша жеткізілімнің артуы жалпы экспорттың төмендеуін ішінара өтеген.
Экспорт төмендеп, импорт артты
Ал импорт, керісінше, 1,1%-ға өсіп, 13,3 млрд долларға жетті. Ең көп әкелінген тауарлар қатарында өндірістік жабдықтар, электр машиналары мен есептеу техникасы бар. Негізгі серіктестер – Қытай, Ресей және Италия.
Сауда балансының профициті 5,1 млрд долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,6%-ға азайды.
Осылайша, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның сыртқы саудасында экспорттағы әлсіреу мен импорттағы өсім теңгерімді нашарлатты.
Бұған дейін Kursiv.Media Қазақстанның ТОП-20 импорт пен экспорт тауарын жазған.
