Жаңалықтар

ERG Конгодағы мыс жобаларын дамыту үшін 100 млн доллар қаржы тартады

ERG (бұрынғы ENRC) компаниясының Ақсудағы металл зауыты
фото: shutterstock

Eurasian Resources Group (ERG) Швейцарияның Mercuria Energy Trading SA компаниясымен үш жылдық мыс жеткізу туралы келісімге қол қойды. Bloomberg мәліметінше, құжат аясында Mercuria алдын ала төлем ретінде $100 млн дейін қаражат бөледі.

Бұл қаражат ERG-нің Конго Демократиялық Республикасындағы мыс жобаларын жедел дамытуға бағытталады.

ERG бас директоры әрі директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов бұл келісім стратегиялық серіктестікті нығайтып, компанияның аймақтағы жобаларының толық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өткен.

Mercuria соңғы жылдары Орталық Африкадағы металл саудасы нарығында белсенді позицияға ие бола бастады. Биыл компанияның жаңа металл дивизионы шамамен $300 млн сауда табыс әкелді. Сонымен қатар Mercuria Конго мен Замбиядағы мемлекеттік тау-кен кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.

Eurasian Resources Group (ERG) 2014 жылы бұрынғы Eurasian Natural Resources Corporation (ENRC) активтері негізінде құрылған. Компанияның тіркеу орны – Люксембург, ал негізгі қызмет бағыты – табиғи ресурстарды өндіру және қайта өңдеу.

ERG құрамына Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар кіреді: «Қазхром», «Алюминий Қазақстана», Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі (ССГПО), Қазақстан электролиз зауыты, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация», «Шұбаркөл көмір» және «ТрансКом». Бұдан бөлек, компания Африкада мыс пен кобальт өндіру жобаларын, ал Бразилияда темір рудасын игеру жобасын жүзеге асырып отыр.

ERG акционерлік құрылымына келсек, компанияның 40%-ы Қазақстан Үкіметіне тиесілі. Қалған үлестің 20,7%-ы Ибрагимовтер отбасына, сондай көлемдегі акция марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлерінің иелігінде.