Forbes тізіміндегі миллионер Pepsi-дің орнына Salam Premium Cola шығарады

Forbes тізіміндегі миллионер Қайрат Мәжібаевқа тиесілі RG Brands компаниясы Pepsi өндірісін тоқтатады. Орнына өзінің Salam Premium Cola деген сусын шығармақ. Бұл туралы кәсіпкер Арманжан Байтасовпен сұхбатында мәлімдеді.
Қайрат Мәжібаев PepsiCo-мен серіктестікті тоқтатып, енді өз брендін дамытып жатқанын айтады. RG Brands компаниясы PepsiCo-мен 25 жыл серіктес болған.
Кәсіпкердің айтуынша, әлемде бұрынғы халықаралық жеткізу тізбегі бұзылып, әр мемлекет өз экономикалық ықпал аймағын қалыптастырып жатыр. Осы жағдайда Қазақстанға шикізат пен өндірісті ғана емес, отандық басқару орталықтарын дамыту, яғни шешім қабылдау процестерін ел ішінде шоғырландыратын мүмкіндік туып отыр.
«Жаңа мән қалыптастыратын уақыт жетті. Біз енді тек өнім емес, идея да шығаруымыз керек», – дейді Мәжібаев.
Сонымен қатар кәсіпорын Gracio мен DaDa шырынын, «Пиала» шайын, Piala Ice Tea мен Lipton Ice Tea сусынын, Mirinda мен Seven-up газдалған сусынын, Yeti мен Lavina энергетиктері мен «Мое» сүтін өндіреді.
Қайрат Мәжібаевтың пікірінше, Орталық Азия 2030 жылға қарай 100 миллионнан астам тұтынушысы бар алып нарыққа айналады. Сондықтан қазірден бастап жергілікті бренд мен өндірісті дамытып, өңірлік ауқымда ойлау маңызды.
«Біз енді брендтерді сатпаймыз – біз оларды жасаймыз», – дейді ол.
Сонымен қатар бизнесмен 2026 жылы қосылған құн салығының өсуі сөредегі өнім бағанасына әсер ететінін айтып өтті. Кәсіпкер бұл реформаны «бюджет-салықтық» деп атап, салықтан бюджетке түскен қаржы тиімді жұмсалады деген үміт білдірді.
Pepsi – PepsiCo компаниясына тиесілі алкогольсіз газдалған сусын, әлемдегі ең танымал халықаралық брендтердің бірі.
RG Brands компаниясының 98% акциясы Дубайда тіркелген RG Brands Holding Limited холдингіне тиесілі. Компанияның түпкі иесі – кәсіпкер Қайрат Мәжібаев. Forbes журналы оның байлығын 190 миллион доллар деп бағалап, Қазақстанның ең дәулетті 50 адамының қатарына енгізген.
Бұған дейін, Алматы маңында құны 344 млн доллар болатын Carlsberg зауыты салынатыны хабарланған. Жаңа өндіріс жылына 1 млрд литр сусын шығаруға қауқарлы болады. Жобаның инвестиция көлемі – 344 млн АҚШ доллары. Зауыт іске қосылғанда 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім PpsiCo лицензиясы бойынша өндіріліп, Қазақстан мен Қырғызстан нарығына жеткізілмек. Кәсіпорынның 2026 жылы пайдалануға берілуі жоспарланып отыр.
