Halyk Finance: 2026 жылы доллар 610 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Доллар бағамы қандай болады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

2026 жылдың соңына қарай доллар 600–610 теңге болуы ықтимал. Мұндай болжамды Halyk Finance мамандары жазады.

Сарапшылардың айтуынша, теңгенің әлсіреуіне мұнайдың арзандауы, экспорт түсімінің азаюы және Ұлттық қордан сатылатын валютаның қысқаруы әсер етеді. Бұл ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті күшейтпек.

2025 жылдың үшінші тоқсанында ел экономикасы өсімін жалғастырғанымен, қарқыны баяулап келеді. 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 6,3%-ға артқан. Бұл көрсеткіш қаңтар–тамыз айларындағы 6,5%-дан төмен.

Сарапшылар мұны негізгі салалардағы өсімнің баяулауымен байланыстырады. Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы өнеркәсіп пен жалпы экономикалық өсімнің басты драйвері болып отыр.

Қысқа мерзімді қолдау факторлар: инфрақұрылым жобалары мен Ұлттық қордан бюджетке берілетін ай сайынғы трансферттер өз әсерін азайта бастаған. Экономика өсіміне қарамастан, халықтың нақты табысы төмендеп отыр.

«2025 жылы фискалдық саясат ынталандырушы сипатта болды. Алайда келесі жылы Ұлттық қордан бөлінетін трансферт шамамен екі есеге қысқарады. Бұл бюджеттік шығындардың өсуін баяулатып, мемлекеттік қолдаудың әлсіреуіне әкелмек. Ал бюджет шығыстары негізінен салық түсімдерінің есебінен қаржыландырылатын болады», – деп жазады Halyk Finance.

Инфляция қыркүйекте 12,9%-ға жетіп, жыл басынан бергі ең жоғары көрсеткішті жаңартты. Осыған байланысты Ұлттық банк қазан айында базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді. Halyk Finance мұндай қатаң ақша-несие саясаты ішкі сұранысты және несие беруді тежеуі мүмкін деп есептейді. Сарапшылар 2025 жылдың соңында инфляция 11,5–12,5% аралығында, ал 2026 жылы 10,5–11,5% деңгейінде болады деп болжап отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылдың соңына қарай доллар 550–560 теңге шамасында, ал 2026 жылы 600–610 теңге аралығында болады.

Экономикалық өсім бойынша да болжам төмендемеді: 2025 жылы ЖІӨ өсімі 5,6% деңгейінде қалмақ. Алайда 2026 жылы бұл көрсеткіш 4,5%-ға дейін баяулауы ықтимал. Оған мұнай бағасының арзандауы, Ұлттық қор трансферттерінің қысқаруы, салық жүктемесінің артуы, инфляцияның жоғары болуы және халық табысының баяу өсуі әсер етеді.

Ал AERC сарапшыларының болжамы бойынша, 2026 жылы доллар бағамы шамамен 551,36 теңгені құрауы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз