Италияда Абай Құнанбайұлына арналған бюст орнатылды

Жарияланды 31 Қазан 2025 08:52

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
Абай Құнанбайұлы бюст
Абай Құнанбайұлы бюсті / фото: gov.kz

Италия астанасы Римде ақын Абай Құнанбайұлына арналған бюсттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мүсін Вилла Грациоли скверінде орнатылған деп жазады мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметі.

«Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани бағдарын айқындаған ұлы тұлға. Оның шығармашылығының өзегі – ізгілік, әділдік, білім мен еңбекті дәріптеу. Сондықтан дәл Рим қаласында Абай бейнесінің пайда болуы – екі ел мәдениеттерін байланыстыратын маңызды рухани оқиға», – деді министр Аида Балаева өз сөзінде.

Салтанатты шараға Италия мәдениет министрлігінің, Рим мэриясының өкілдері және қос елдің мәдени сарапшылары қатысты. Италиялықтар Қазақстанға алғысын білдіріп, Абай идеяларының уақыт пен шекарадан тыс мәңгі құндылық екенін атап өтті.

«Қазақ ойшылының бюстінің Римде ашылуы – Қазақстан мен Италия арасындағы серіктестік қарым-қатынастардың жаңа кезеңі. Рим – өнердің ордасы, әйгілі суретшілер мен ақындардың мекені. Сондықтан Абайдың бейнесі бұл қалада ерекше мәнге ие», – деді Рим мэрінің дипломатиялық кеңесшісі Фабио Соколович.

Бюст ақ каррарлық мәрмәрдан жасалған. Оның авторы – қазақстандық мүсінші Нұрбол Қалиев. Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының бюсті бұған дейін Будапешт, Мәскеу, Париж, Каир, Нью-Дели және басқа да әлем қалаларында орнатылған.

Ал былтыр қазанда Татарстан астанасы Қазан қаласында да Абай Құнанбаевтың ескерткіші ашылған.

Сондай-ақ оқыңыз