Қазақстандағы коммуналдық қызметтер Еуропа елдерінен әлдеқайда арзан – комитет

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қазақстандағы коммуналдық қызметтердің құнына қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. Ведомствоның мәліметінше, соңғы жылдардағы бағаның өсуіне қарамастан, Қазақстандағы ТКШ тарифтері ТМД елдері арасында да, әлемдік деңгейде де ең қолжетімділер қатарында қалып отыр.
Қазақстандықтар коммуналдық қызметке қанша төлейді
Сараптама халықаралық Numbeo базасының негізінде жүргізілді. Бұл база әлем бойынша нақты тұтынушылық шығындарды қадағалап отырады.
«Есептеу кезінде ауданы 42,5 шаршы метр болатын стандартты пәтер және негізгі қызметтер: электр энергиясы, жылу, сумен жабдықтау, кондиционерлеу және қоқыс шығару ескерілді. Қазақстанда коммуналдық қызметке орташа айлық шығын 27,1 АҚШ долларын құрады. Осы көрсеткішпен республика 127 елдің ішінен 98-орын алды», – делінген комитет хабарламасында.
Салыстырмал түрде алсақ:
- Әзербайжан – 30 доллар
- Армения – 60,5 доллар
- Молдова – 88,4 доллар
- Грузия – 37,1 доллар
Ал Балтық елдерінде коммуналдық төлемдер едәуір жоғары:
- Эстония – 161,9 АҚШ доллары
- Латвия – 159,6 АҚШ доллары
- Литва – 120,2 АҚШ доллары
Яғни Таллин тұрғыны коммуналдық қызметке Астана тұрғынына қарағанда шамамен алты есе көп қаржы жұмсайды.
Қазақстан әлемдік рейтингте
Numbeo деректеріне сәйкес, Қазақстан коммуналдық қызметтер ең қолжетімді елдердің қатарына кіреді.
Мысалы:
- Германияда коммуналдық қызметтерге орташа шығын — 300 доллардан асады,
- АҚШ-та — шамамен 230 доллар,
- Оңтүстік Кореяда — 180 доллар.
Осылайша, Қазақстандағы тарифтер әлем бойынша ең төмен деңгейде қалып отыр, әрі олардың отбасылық табысқа шаққандағы үлесі көптеген еуропалық елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Тарифтер бағасы алдағы уақытта қалай өзгереді
16 қазанда Қазақстан Үкіметі коммуналдық тарифтерді барлық тұтынушылар үшін 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін өсірмеу туралы шешім қабылдаған болатын. Алдағы қыс айларында жылу, су және электр энергиясы үшін төлемдер тұрақты күйінде қалады.
