«ҚазМұнайГаздың» юаньдағы облигациялары АІХ биржасында саудалана бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстан әлем нарығына 2,5 млрд долларға еурооблигация орналастырды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (AIX) биржасында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қытай юанімен шығарылған еурооблигацияларының саудасы басталды.

ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысованың айтуынша, бұл – ҚазМұнайГаздың Қытайдың юань нарығына алғаш шығуы. Dim Sum деп аталатын бұл облигациялар Гонконг қор биржасында және енді Астана халықаралық биржасында да айналымға түсті.

«Бұл тек қаржылық операция емес, сонымен қатар компанияның қаржыландыру көздерін кеңейтуге және Азияның капитал нарығына шығуға бағытталған стратегиялық қадам. Мұндай бастама басқа қазақстандық компанияларға да үлгі болады деп сенеміз». – деді ол.

AIX басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова да оқиғаның маңызын атап өтті.

«ҚМГ Dim Sum нарығында сәтті дебют жасап, тартымды кірістілікке қол жеткізді. Бұл тәжірибе басқа қазақстандық эмитенттерге бағыт береді. Сондай-ақ Гонконг пен Астананың биржалары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, трансшекаралық инвестицияларды дамытуға жол ашады», – деді ол.

Еске сала кетсек, 23 қазанда ҚазМұнайГаз 1,25 млрд юань көлемінде және 5 жыл мерзімге есептелген облигацияларды орналастыруға өтінім қабылдауды аяқтаған болатын. Купондық мөлшерлеме – 2,95%, кірістілік – 3,15% деңгейінде белгіленді.

Ал өтінімдердің жалпы көлемі шамамен 3,8 млрд юаньға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз