Смағұлов бастапқыда Анарбековке макбук емес машина сыйлағысы келген

Forbes Kazakhstan тізіміндегі бизнесмен Нұрлан Смағұлов «Қайрат-Селтик» матчын көргеннен кейін қақпашы Темірлан Анарбековке көлік сыйлағысы келген. Бірақ «Қайрат» футбол клубының иесі Қайрат Боранбаев ол ойынан қайтарды. Бұл туралы «Замандас» подкастында айтып берді.
Мен ол футболды көріп, қақпашыға көлік сыйлағым келді. Оның коммерциялық та астары болды. Сол кезде бәрі үйлесе кетті, әрі сыйлық, әрі жақсы флагмандық қазақстандық көлік болады. Қайрат Боранбаевқа хабарласып, осындай идея бар деп айттым. Ол қазір «күте тұр, ойланайық» деді де, жарты сағаттан кейін хабарласты. Бұл кішкене қазақилыққа келмейтін сияқты дейді. 21 жастағы бала бар болғаны, әрі қосалқы құрамда, бір ғана матч ойнады. Тіпті жүргізуші куәлігі жоқ, көлік айдай алмайды. Одан кейін команда жабылып, мазақ қылуы мүмкін деп түсіндірді», – деді Нұрлан Смағұлов подкастта.
Бірақ Смағұлов көлік сыйлаймын деп ниеттеніп қойған соң клубтың жаттықтырушысы Рафаэль Уразбахтинге береді.
«Келесі күні гольф-клубқа жиналып, жаттықтырушыға бергенде Қайраттың шешімі дұрыс болған екен дедім. Жаттықтырушы ретінде командамен үлкен жұмыс атқарды», – деді ол.
Ол сондай-ақ 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрзаның атағы, оған көлік сыйлағаны жайлы да пікір білдірді.
«18 жастағы жігіт, көлік сыйлады. Енді баланы бұзып алмаса болды. Анасы да уайымдап отыр. Бізде қазақтарда солай көкке көтеріп жіберетініміз бар ғой», – дейді Смағұлов.
Еске салайық, 29 тамызда Нұрлан Смағұлов «Қайрат» жаттықтырушысы Рафаэль Уразбахтинге Hyundai Palisade көлігін, ал клуб қақпашысы Темірлан Анарбековке Apple iPad сыйға тартты. Бірақ көпшілігі Анарбеков те көлікке лайықты деп сынға алған еді.
