Теңіз бен Қашаған болашағына қатысты келіссөз жүріп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қашаған операторы
Фото: Ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан америкалық Exxon Mobil корпорациясымен Қашаған мен Теңіз мұнай кен орындарына қатысты маңызды келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Bloomberg дереккөздер мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Дереккөздердің айтуынша, қазақ шенеуніктері мен Exxon топ-менеджерлері Каспий теңізіндегі ірі кен орны – Қашағанды кеңейту мәселесін талқылап жатыр. Аты-жөні мақалада аталмағанын қалаған дереккөздер тараптар әзірге ортақ келісімге келмегенін айтты. Дегенмен Қазақстан мұнай өндірісін ұлғайтуды қалайды, деп жазды Bloomberg.

Бұған қоса, олар Exxon компаниясының Теңіз кен орнын игеруге қатысты лицензия мерзімін созу мәселесін де талқылап жатыр.

2000 жылы ашылған Қашаған ең ірі мұнай кен орындарының біріне айналды. Жобаның сол кездегі операторы – италиялық Eni уақыт өте келе мұнда тәулігіне 1,5 млн баррель мұнай өндіруге болады деп болжаған. Алайда қазір мұндағы өндіріс көлемі шамамен 450 мың баррель ғана болып тұр.

«ҚазМұнайГаз» мәліметінше, Қашаған операторы өндірісті 2026 жылға қарай 500 мыңға, ал 2031 жылға таман 700 мың баррельге жеткізуді көздейді. Сол кезде мұнда қосымша газ өңдеу зауыты іске қосылуы тиіс.

Жобаны Exxon Mobil ғана емес, Eni SpA, Shell Plc, TotalEnergies және «ҚазМұнайГаз» бірге игеріп жатыр. Бас кеңсесі Техаста орналасқан корпорацияның Теңіз кен орнында да миноритарлық үлесі бар. Теңіздің бас операторы – Chevron.

Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Қашағанды одан әрі дамыту жоспары Қазақстандағы басқа да мұнай жобаларымен тығыз байланысты. Мәселен, америкалық компанияның Теңізді игеру лицензиясының мерзімі 2033 жылы аяқталады. Осы жобадағы үлесін ұлғайтқысы келетін Қазақстан оны америкалық компания лицензиясы мерзімін созумен алмастырмақ.

PSA мәліметінше, Қашағанда 4,5 млрд тонна мұнай қоры бар. Жоба операторы NCOC дерегінше, мұнда қазіргі өндіріс күшімен 1-2 млрд тоннаға дейін мұнай өндіруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз