Lifestyle

TikTok арқылы қандай бизнес жақсы жүреді?

Минцифры обещало тиктокерам монетизацию, но TikTok не в курсе
фото: ашық дереккөзден

TikTok платформасының Қазақстан экономикасына қосқан үлесі  шамамен 759 млрд теңге болды. Бұл туралы TikTok компаниясының Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Моңғолия бойынша мемлекеттік органдармен байланыс және корпоративтік мәселелер жөніндегі директоры Сергей Соколов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, компания мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы TikTok-тың Қазақстандағы микро, шағын және орта бизнеске әсері туралы тәуелсіз зерттеу жүргізген.

Зерттеу барысында елдің 20 өңірінен 300-ден астам компания қамтылып, жеті сала талданған. Олардың қатарында сұлулық индустриясы, денсаулық, спорт, туризм және ойын-сауық салалары бар.

  • Астанада TikTok-ты жиі қолданатын компаниялар негізінен сұлулық, денсаулық және спорт саласында жұмыс істейді;
  • Алматыда бұларға қоса қонақүй және туризм бизнесі де белсенді, себебі қала елдің туристік орталығы деп саналады
  • Шымкентте азық-түлік және тұрмыстық тауарлар өндіретін және сататын кәсіпорындар TikTok арқылы жақсы нәтиже көрсетіп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, TikTok-тың ерекшелігі – бренд пен тұтынушы арасында эмоциялық байланыс орнату мүмкіндігі. Бұл дәстүрлі цифрлық жарнамадан өзгеше.

Мысалы, Алматыдағы шағын шаурма бутигі TikTok-та ерекше танымал. Олар өнімді емес, оны сатып алатын адамдардың оқиғаларын көрсетіп, оқырман арасында эмоциялық байланыс қалыптастырады.

Тәжірибелі бизнес те TikTok-тан пайда көріп отыр

Зерттеу барысында күтпеген бір заңдылық анықталды. Нарықта 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан компаниялар TikTok-ты жаңа ашылған бизнеске қарағанда жиі қолданады.

«Бұл біз үшін таңқаларлық болды, себебі әдетте цифрлық дәуірде туған компаниялар технологияны тез игереді деп саналады. Бірақ іс жүзінде TikTok-ты белсенді пайдаланушылардың басым бөлігі – ірі кәсіпорындар», – дейді Соколов.

Мәселен, 10 жылдан асқан компаниялардың жартысынан көбі TikTok-ты аптасына кемінде бір рет қолданады, ал 5–10 жылдық тәжірибесі бар кәсіпорындардың 47%-ы да тұрақты түрде контент жариялап отырады.

Сонымен қатар зерттеу TikTok құралдарын жиі және тиімді пайдаланудың компания табысына тікелей әсері бар екенін көрсетті.

«TikTok-қа өз жарнамалық бюджетінің кем дегенде 30 пайызын бөлетін компаниялардың 53 пайызы табысының жартысынан көбін осы платформаның арқасында алады», – деді Соколов.

Айта кету керек, шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының негізгі драйвері деп саналады. ЖІӨ-нің 39%-ы осы сала арқылы келеді.