Жаңалықтар

Трамп пен Путин кездесуі неге өтпей қалғаны мәлім болды

Трамп Путин АҚШ Ресей
Дональд Трамп пен Владимир Путин / фото: REUTERS/Kevin Lamarque 

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин арасындағы саммит не себепті өтпей қалғаны мәлім болды. Оның себебін Financial Times дереккөздері түсіндірді.

Трамп пен Путин 2025 жылғы қазанда Будапешт қаласында кездесуі керек болған. Басылым мәліметінше, саммит қарсаңында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров БҰҰ сессия кезінде сөйлескен. Ресей министрі Украинадағы жанжалға қатысты қатаң талап қойған. Соған байланысты Ақ үй Кремльмен арадағы келіссөздерден нәтиже шығатынына күмәнданған, деп жазды FT.

Бұған қоса, қазанның ортасында Рубио мен Лавров телефонмен сөйлесіп, тағы келісе алмаған. Содан кейін Вашингтон саммит өткізуден бас тартқан.

Дереккөздердің айтуынша, Рубио Трампқа Кремльдің келіссөздерге дайын еместігін еткізген. АҚШ президенті «Ресейдің ұстанымына» көңілі толмаған.

Естеріңізге сала кетейік, Трамп пен Путин Венгрия астанасында кездескелі жатқаны 16 қазанда мәлім болған. Алайда артынша Будапешттегі саммит өтпейтіні мәлім болды. Бұған қоса, төзімі таусылған Трамп 22 қазанда Ресейдің ірі мұнай компанияларына санкция салды.

Жақында ғана Трамптың 6 қарашада Орталық Азия елдерінің президенттерімен Вашионгтонда кездесетіні мәлім болды.