Алматы әкімі түнгі серуенге шығып, жаңа шамдарға тамсанды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды түнгі мегаполисті аралап, шаһарға жаңадан орнатылған шамдарды тамашалады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жайлы орта қалыптастыру бағдарламасы аясында Алматыға жаңа шамдар орнатылып жатыр.
«Ғимарат сәулеті мен тұрғындардың түнгі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударылды», – деп хабарлады мегаполистің баспасөз қызметі.
Қазір Абай, Достық даңғылдары мен Қонаев көшесі бойындағы 21 ғимаратқа жарық ортанылды. Бұған қоса, қалаға 1600-ден астам заманауи LED-шам қойылды.
Төлебаев көшесінде 97 жарық шамы жаңартылып, бұрынғыдан әлдеқайда жарық көшеге айналды.
«Самал De Luxe» тұрғын үйін жарықтандыру жұмыстары да бітті. Мұнда 664 шам ғимарат сәулетіне заманауи келбет беріп тұр.
Қаланың орталық көшелері мен тұрғын аудандарында жарық желісін жаңарту жұмыстары аяқталған жоқ, деп хабарлады әкімдік.