Халифат құруды көздейтіндер Пригожин қорғаған Мали астанасын қоршап алды

Жиһадшылар тобы Мали астанасын қоршап алды. 4 млн халқы бар Бамако қаласында бензин жоқ. Қарулы күш әскери хунтаны биліктен тайдырса, Африкадағы осы ел халифатқа айналуы мүмкін, деп жазды Financial Times.
Пригожиннің «Вагнері» қорғаған әскери хунта
Он жылдан астам уақыт бұрын «Жалғыз көзді» деген лақап атқа ие Мохтар Бельмохтар бастаған содырлар Малидің солтүстігін басып алған. 2013 жылы Франция әскери осы елге кіріп, жиһадшыларды тықсырған.
Қазір Бельмохтар жоқ, француздар қуылған, бірақ оның орнына ресейлік жалдамалы әскер келген. Демократиялық үкіметті әскери хунта биліктен тайдырған. Бірақ жиһадшылар қайтадан күш жинап, астананы қоршауға алды.
2021 жылы Ресей Малиге Евгений Пригожин бастаған «Вагнер» жалдамалы әскерін жіберген. Оның жалғыз міндеті – билік басындағы әскери хунтаны қорғап, жиһадшылармен күресу еді.
«Осыдан-ақ Ресей ұсынған көмектің сенімсіз екенін байқауға болады», – дейді Батыс Африка бойынша сарапшы Хени Нсаибия.
2023 жылы Мәскеуге жорыққа шыққан Пригожин кейін жұмбақ жағдайда қаза тапқаны мәлім. Содан бері Малиде жиһадшылар әбден күшейген. Енді әскери хунта басшысы Ассими Гоитаға олармен санасуға тура келеді.
Халифат құруды көздеген жиһадшылар кім
«Жамаа Нусрат үл-Ислам ва әл-Мүслимин», «Әл-Қаидаға» қатысы бар топтар, «Мачинді азат ету майданы» 2025 жылғы қыркүйекте Бамакоға қарай беттеді. Олар Сенегал мен Кот-д’Ивуардан бензин тасыған танкерлерге шабуылдады. Енді Мали астанасында бензин жоқ. 4 млн халық тұратын Бамако көшелерінде көлік өте сирек жүреді. Электр генераторлары жұмыс істемей қалды.
Мектептер жабық тұр. Осы аптада АҚШ пен Италия азаматтарына Мали астанасынан тез арада кетуге кеңес берді.
Бұған дейін жиһадшылар бірнеше қалаға билік орнатып үлгерген. Каес пен Ниоро-дю-Сахель тұрғындарына қаладан шығуға тыйым салынған. Әйелдер шашын қымтауы тиіс, заманауи музыка тыңдауға болмайды.
Жихадшылар астанаға көз тіккен уақытта, олар Бамакоға қатынайтын автобустарға әйелдер мен ер азаматтарды бөліп тасуды талап етті. Көлік компаниялары солардың талабын орындауға мәжбүр болды. Сарапшылар әскери хунта құласа, Мали халифатқа айнала ма деп қауіптенеді.