
Ата-ана балалардың іші жиі ауыратынына көп шағымданады. Мұндай симптомның ас қорыту жүйесінің бұзылуынан бастап, ауыр патологияға дейін түрлі себебі болуы мүмкін. Педиатр кеңестеріне сүйене отырып, мақалада іш ауыруының негізгі себептерін, үйде көмек көрсету әдістерін және дәрігерге қашан жүгіну керектігін қарастырамыз.
Іш ауыруының негізгі себептері
Баланың іш ауыруын ең әуелі симптом деп қарастырған жөн. Оның көптеген себебі болуы мүмкін. Солардың кейбіреуін атап өтейік:
- Ас қорыту жүйесі жұмысының бұзылуы – газдың шамадан тыс жиналуы, іш қату, тітіркенген ішек синдромы;
- Ішек инфекциялары – вирустық немесе бактериялық инфекциялар, олар диарея, құсу және жоғары температурамен бірге жүреді, мысалы, ротавирус немесе гастроэнтерит;
- Хирургиялық патологиялар – жедел аппендицит, ішектен тамақ жүрмей қалуы, мысалы, жұтылған бөгде заттар немесе ішек инвагинациясы салдарынан – ауру, мұнда ішектің бір бөлігі телескоп құбыры сияқты екіншісінің ішіне сырғып кіреді.
- Тамақтану қателіктері – артық тамақтану, рационда майлы, тәтті немесе ащы тағамдардың көп болуы ас қорыту жұмысын бұзуы мүмкін, ал пісіп-жетілмеген жемістерді немесе ескірген өнімдерді тұтынған уақытта бала тамақтан уланады;
- Етеккір циклі – қыз балаларда ай сайынғы ауырсыну етеккір алдында немесе етеккір кезінде пайда болуы мүмкін;
- Тамақ аллергиясы және тамаққа төзбеушілік – әдетте тамақ аллергиясынан болатын іш ауруы өнімді тұтынғаннан кейін бірден білінеді, ал тамаққа төзбеушіліктен – 12—24 сағат ішінде дамиды;
- Зәр шығару жолдарының инфекциялары – көбінесе 1-ден 5 жасқа дейінгі қыз балаларда кездеседі. ЗШЖИ үшін кіндіктен төмен ауырсыну және жиі зәр шығару тән.
Созылмалы іш ауруы бар балалардың көпшілігінде себепті анықтау мүмкін болмайды.
Іш жүйке жүйесінен ауыруы мүмкін бе?
Күйзеліс, мазасыздық және тіпті шамалы көңіл күйдің ауытқуы балаларда іш ауруын тудыруы мүмкін. Ол балалардың асқазан-ішек ауруларының көпшілігінің негізгі себептерінің бірі. Оны кез келген эмоционалдық оқиғалар туғызуы мүмкін, мысалы, бақылау жұмысы, мерекедегі өнер көрсету, досының туған күні. Дәрігерлер жиі оқу жылының басында және түлектік емтихандар кезінде ЖКТ жұмысы бұзылғанын байқайды.
Баланың іші шынымен ауырып тұрғанын анықтау маңызды. Ол симптомдарды ойдан шығарып, өзі қаламайтын бір жайттан оңай құтылғысы келуі де мүмкін ғой. Іш аурудың физикалық симптомы ғана емес, басқа да белгілері бар: жүрек айну, бас ауыруы, құсу, диарея, жүрек соғысының жиілігі, тершеңдік.
Іш ауруы эмоциялармен байланысты ма, соны түсіну қиын болуы мүмкін. Кішкентай балалар жиі не сезінетінін түсіндіре алмайды, сондықтан ата-аналардың өзі баланың басқа күйзеліс белгілері бар ма, соны талдауы қажет. Оларға мыналар жатады: зейін қоюдың қиындығы, тамақтану әдеттерінің өзгеруі, ұйқының бұзылуы, дағдылы әдеттердің бәсеңдеуі.
Егер бала мектепке баруға, оқуға, әртүрлі іс-шараларға қатысуға және құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас жасауға кедергі келтірітен мәселеге тап болса, онда оның мазасы қашуы мүмкін. Онымен психотерапевт немесе балалар психиатры күресуге көмектеседі. Көбінесе мамандар когнитивті-мінез-құлық терапиясын қолданады, ол балаларға мазасыздықты тануға және оны өз бетінше төмендетуге көмектеседі.
Соқыршекті қалай білуге болады
Аппендицит – соқыр ішектің кішкентай құрт тәрізді өсіндісі (аппендиксі) бітеуі және қабынуымен сипатталатын ауру. Көбінесе 10-нан 18 жасқа дейінгі балаларда дамиды. Ол кезде балаға шұғыл ота жасау керек болады.
Ауырсыну көбіне кіндік аймағында басталады, бірақ кейін іштің оң жақ төменгі бөлігіне ауысады. Балаға қозғалу ауыр болуы мүмкін. Әсіресе секіру немесе жөтелу кезінде қатты ауырады. Ішті ұстағанда ауырсынады.
Аппендицит температураның біртіндеп көтерілуімен, жүрек айнуымен, құсумен, тәбеттің жоғалуымен, шырыш қосылған диареямен бірге жүруі мүмкін. Аппендикс жарылуы мүмкін, сондықтан баланы дереу ауруханаға жатқызу керек.
Іш ауруын үйде қалай басуға болады
Көптеген балаларда іш ауруы бірнеше сағат немесе күн ішінде арнайы емсіз өтеді. Егер ауырсыну күшті болмаса, бала жалпы белсенді және айқын симптомдар білінбесе, оған үйде өз бетіңізше көмектесе аласыз.
Ауырсынуды жеңілдету бойынша ұсыныстар:
— тыныштық пен жеткілікті демалыс уақытын қамтамасыз етіңіз. Балаға қараңғы, жақсы желдетілген, тыныш бөлмеде жатуын ұсыныңыз. Көбіне ауырсыну, әсіресе құрысу тәрізді, тыныштық күйінде басылады.
— су ішу режимін сақтаңыз. Балаға жиі және аз-аздан таза су, қою емес шай немесе регидратацияға арналған арнайы тұзды ерітінді ұсыныңыз. Бұл құсу немесе диарея кезінде ерекше маңызды.
— баланы тамақ ішуге мәжбүрлемеңіз. Жедел ауырсыну кезінде тамақтан біршама бас тартқан дұрыс. Тәбеті оянғанда жеңіл тағамдардан бастаңыз: кептірілген нан, банан, суға пісірілген күріш ботқасы.
— дәрігерге шұғыл баруды қажет ететін жедел жағдайлардың белгілері болмаса, балаға ауырсынуды басатын дәрі бере аласыз. Мысалы, парацетамол. Етеккір ауырсынуы кезінде стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды, мысалы, ибупрофен немесе натрий напроксенін пайдаланған дұрыс.
— жылы ванна немесе жылытқыш іш бұлшықеттерін босаңсытып, симптомның қарқындылығын азайтады. Мұндай әдіс қарқынды дене жүктемесінен кейін ауырсынуды азайтуға жақсы көмектеседі.
Дәрігерге қашан жүгіну керек
Ата-аналарға медициналық көмекке жүгінуді кешіктіруге болмайтын симптомдарды білу маңызды.
Мына белгілер байқалса, дереу жедел жәрдем шақырыңыз:
- Ауырсыну күшті, ауырсынуды басатын дәрі қабылдағаннан кейін де күшейеді, орны ауысады.
- Кез келген қозғалыстан бала жылайды.
- Қайта-қайта құсу (әсіресе қанмен немесе жасыл түспен), бірақ бала жеңілдемейді.
- Температура 38 °C жоғары көтеріледі.
- Нәжісте қызыл қан немесе қара, шайыр тәрізді нәжіс.
- Іш кернеулі, қатты және жеңіл ғана қол тигізгенде ауырсынады.
- Сананың шатасуы, сандырақтау, әлсіздік.
- Ауырсыну жарақаттан кейін пайда болса. Мысалы, құлау, соққы алу.
- Теріде бөртпе пайда болды.
- Зәр шығару қиындады немесе ауырсынады.
- Ерін мен тіл құрғады, бала жас шығармай жылайды, зәр 4—6 сағаттан артық шықпайды.
- Ұл балаларда аталық без ауырады.
Баланың іш ауыруы – әрқашан жоғары назар аударуды талап ететін белгі. Басқа да белгілердің бірін байқасаңыз, өз бетіңізбен емдемей, көмекке жүгініңіз. Сақтықта қорлық жоқ – дереу дәрігерге жүгініңіз, қымбат уақытты жіберіп алмаңыз.