Прокуратура жұмыс іздеп, құлдыққа түсіп қалмау жолдарын көрсетті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
құлдыққа түсіп қалмау жолдары
Фото: shutterstock

Бас прокуратура жұмыспен қамту саласын алаяқ қаптағанын ескертіп, құлдыққа түсіп қалмау жолдарын көрсетті.

Құлдыққа түсіреді

Құзырлы мекеме мәліметіне сәйкес, интернет-алаяқтар танымал платформалар мен әлеуметтік желілерде табысы жоғары, талабы аз жұмыс ұсынып, азаматтарды алдайды.

«Жауап берген азаматтарға жалған сайттарға сілтеме, жеке дерек жинау үшін сауалнама жібереді. Зиянды мобильді қосымша орнатуды ұсынады. Сөйтіп банк деректерін, мессенджерле мен басқа да құралдарды басқаруға мүмкіндік алады», – деп ескертті прокуратура.

Сонымен бірге шетелде, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Тайланд, Мьянма және т.б.) жұмыс істеу туралы жалған ұсыныстар көбейіп кетті.

«Азаматтарды IT, модель, қонақ үй бизнесі саласында немесе call-орталықтарға жұмысқа орналастыру үшін жалдайды. Олар онда еңбек және жыныстық құлдыққа түсіп, қанауға, зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін. Кейде оларды басқа азаматтарды мәжбүрлеп алдау немесе дене мүшелерін сату қылмысына пайдаланады».

Прокуратура кеңесі

Құзырлы мекеме қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін азаматтарға бірнеше кеңес ұсынды:

  • құжаттарды жібермес немесе қосымшаларды жүктемес бұрын жұмыс берушінің заңдылығын және сайттың мекен-жайын тексеру;
  • жұмысқа, оқуға немесе визаға ресімдеу үшін қаражат аудармау;
  • қосымшаларды тек Google Play, App Store ресми дүкендерінен орнату;
  • ресми шарт жасасқанға дейін жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері мен деректерін және банк карталарын ұсынбау;
  • қызметкерлерді іріктеу бойынша қызмет көрсететін делдалдың немесе агенттіктің заңдылығына көз жеткізу және агенттіктің тіркеу деректерімен шетелдік жұмыс беруші арасында жасалған шартты сұрату;
  • кез келген күмән туындаған кезде полицияға хабарлау.

Сіз туысыңыз немесе досыңыз адам саудасының құрбаны болған жоқ па, соны тексере аласыз:

  • әдеттегідей қоңырау шалған кезде бейне қоңырауға ауысуды ұсыныңыз. Егер ол бас тартып, «мүмкін емес» – деп байланысын үзсе, полицияға хабарласуды ұсынамыз;
  • бейне қоңырау кезінде келесі сұрақтарды қойыңыз: Қайда тұрғаныңды көрсет – мен сенің жағдайыңды білгім келеді; Сенің жаныңда кім бар, оларды көруге бола ма?; Сен қазір қайдасың? Пәтер ме, жатақхана ма, үй ме?; Бүгін таңғы асқа/түскі асқа/кешкі асқа не ішесің?; Телефонды қай жерде қуаттайсыз?; Сенің қасыңда қуат көзі бар ма?; Терезеден не көріп тұрсың? Көшеге шыға аласың ба; Сен бүгін демалдың ба?; Сенде демалыс қашан?; Жалақы алдың ба; Құжаттарыңды қайда сақтайсың?

Адам орналасқан орынға және қоршаған ортаға (бөлме, қойма, жатақхана), қасында әңгімені бақылап тұрған бөтен адамдардың болуына, кеңес берудің дыбысына, дауыс екпініне, бет әлпетіне (қорқып тұрғандай көрінеді, камераға қараудан бас тартады) назар аударыңыз.

Егер адам қоршаған ортаны көрсетуден бас тартып, сөйлеуден қорқып, қысқа немесе бірсарынды сөйлессе – оны бөтен адамдар бақылап тұруы мүмкін. Мұндай жағдайда полицияға хабарласу керек, деп есептейді прокуратура.

Бұған дейін Kursiv.Media қазақтар құлдыққа жиі түсетін Мьянмада биыл 10 мыңға жуық шетел азаматы ұсталғанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз