Қымбат бензин сатқан жанармай бекеттеріне шағымдана аласыз

Азаматтар АИ-92 бензинінің қымбаттауына, автогаз тапшылығына шағымдана алады. Энергетика министрлігі тәулік бойы шағым қабылдайтын желі ашты.
Үкімет халық үнін ескереді
1 қарашадан бастап министрлік бензин мен дизель отынын қымбат сатқан жанармай құю бекеттеріне қатысты азаматтар өтінішін тіркейді. Сонымен бірге тұрғындар сұйытылған мұнай газы (автогаз) тапшылығына да шағымдана алады.
Үкімет осындай қадам арқылы алыпсатарлармен, отын тапшылығымен күресуді көзеп отыр. Энергетика министрлігі ғана емес, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен өңірдегі штабтар бірігіп жұмыс істейді.
Мекеме мәліметінше, министрлік бензин мен дизель отынын өңірлер сұранысына сай жөнелтіп отыр. Мұнай базаларында отын жеткілікті.
«Тапшылыққа себеп болатын объективті фактор жоқ», – деп мәлімдеді энергетика министрлігі.
Бұған қоса, министрлік сұранысы көп өңірлерге қосымша автогаз жөнелткенін айтып отыр.
«Кейбір газ құю бекетіндегі кезектер тапшылықпен емес, ішкі бөлу және логистика мәселелеріне байланысты», – деп есептейді министрлік.
Қымбат бензин мен автогаз тапшылығы үшін қайда шағымданамыз?
Егер сіз АИ-92 маркалы бензин бағасы қымбат сатылып жатқанын байқасаңыз, бірден жедел желіге хабарласа аласыз. Сонымен бірге жанармай құю бекеттерінде отын болмаса, оны да қосымша хабарлауға мүмкіндік бар. Жедел желі телефоны: +77018550248.
Қоңыраулар тәулік бойы, демалыс күндері де қабылданады. Әрбір өтініш мұқият қаралып, тәртіп бұзғандарға тиісті шара қабылданады.
Қазақстанның кей өңірінде автогаз тапшы. Осының алдында ғана Kursiv.Media Шымкент қаласында автогаз бекеттерінің көбінде газ жоқ екенін жазған. Автогаз бар бекеттердің өзінде жүргізушілер сағаттап кезекте тұр.
Жарты ай бұрын үкімет бензин мен дизель бағасын қымбатқа сатуға уақытша тыйым салған. Ал бір ай бұрын Қазақстанның арзан жанармайы шетелге заңсыз сатылып жатқаны туралы мәлімет тараған.