Ақтөбеде 35 мың орындық заманауи футбол стадионы салынады

Ақтөбеде 34 980 көрерменге арналған ірі футбол стадионының құрылысы басталды. Нысан қаланың дәл ортасында орналасқан жаңа «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының аумағында бой көтермек.
Стадион 25 гектар жерге салынып жатыр. Қазіргі уақытта аумақтың қоршауы аяқталып, құрылысқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жоба облыс әкімінің тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Асхат Шахаров стадион құрылысының өңір спорты үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.
«Ақтөбе бұрыннан заманауи үлкен стадионға лайық. Мұнда балалар мен жастардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалады. Алдағы жылдары облыс орталығында болашақ чемпиондар жаттығатын жаңа спорт аренасы пайда болады», – деді әкім.
Стадион «Алтын орда» кешенінің басты нысандарының бірі болмақ. Бұл орталық құрамында сондай-ақ 700 орындық облыстық драма театры мен 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешені де салынып жатыр.
Жоба толық аяқталған соң, «Алтын орда» Ақтөбенің мәдени, спорттық және іскерлік орталығына айналып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды аймақ болмақ.
Осы жылы қазанда Қызылордада УЕФА стандарты бойынша салынған стадион ашылды. Көпсалалы стадион 11 мың орынға лайықталған. Спорт нысанының жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады.