Бір айда Қазақстан шекарасында 4,7 мыңнан астам заң бұзушы ұсталды

Қазақстан ҰҚК Шекара қызметі 2025 жылдың қазан айындағы қызмет нәтижелерін жариялады. Ведомствоның мәліметінше, ай ішінде мемлекеттік шекараны қорғау және күзету шаралары аясында уәкілетті органдармен бірлесіп 4 743 адам ұсталған. Оның ішінде 4 077-сі – шетел азаматы.
Сонымен қатар 1 708 заңсыз тауар мен жүк тасымалдау дерегі анықталған. Оның ішінде:
- Қару-жарақ пен оқ-дәрілерге қатысты – 75 дерек (оның ішінде 2 — ұрыс қаруы, 3 — травматикалық, 258 — суық қару, 13 — холостой «АК-74», 36 дана оқ-дәрі және 2 800 дана атыс қаруының бөлшектері);
- ЖЖМ (жанар-жағармай материалдары) — 531 дерек, жалпы сомасы 14 млн теңгеден астам;
- Тұтыну тауарлары — 867 дерек, жалпы құны 4,2 млрд теңгеден жоғары;
- Валюта тасымалдау — 235 дерек, сомасы 2,5 млрд теңгеден астам.
Каспий теңізінің акваториясында 106 браконьерлік фактісі тоқтатылған. Тексеру барысында:
- 24 су көлігі,
- 136 км-ден астам балық аулау торы,
- 496 дана бекіре тұқымдас балық (шамамен 2,9 тонна),
- Қызыл кітапқа енген 4 итбалық тәркіленген.
Табиғатқа келтірілуі мүмкін залалдың жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеден асады.
ҰҚК хабарлауынша, бұл деректер бойынша материалдар құқық қорғау және сот органдарына жолданған.
Шекарада шектеу шаралары енгізілмегенімен, «Сырым», «Әлімбет» және «Қосақ» өткізу бекеттерінде қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Осыған байланысты шекарадан өту уақыты ұзарып кетуі мүмкін. Қалған өткізу пункттері қалыпты режимде жұмыс істейді.