«Некеміз бұзылды»: Мөлдір Мұқан Тұрсынбекпен ажырасқанын айтты

Жарияланды 2 Қараша 2025 09:17

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
Фото: «Момский әңгіме» подкастына

Мөлдір Мұқан журналист Жанар Байсеміздің арнасына келіп, үлкен сұхбат берді. Үш сағатқа созылған әңгімесінде жары Тұрсынбек Қабатовпен отбасылық өмірі, ажырасуы жайлы айтып берді.

Мөлдір Мұқанның сөзінше, 25 жылдан кейін Қабатовпен арада заңды некесі бұзылып, ажырасып кеткен.

«Мен 100% ажыраспаймын дейтін адам едім. Ажырасам деген құрбыларыма да ажыраспа деп кеңес беретін едім. Құрбыларыма отбасыңда сақта деп ақыл айтып жүрген жандардың бірі мен едім, сол ортада бірінші болып ажырасып кеттім», – дейді Мөлдір Мұқанова.

Некені бұзу туралы Тұрсынбек Қабатовтың өзі ниет білдірген.

«Бір күні телефоныма Тұрсынбектен смс келді, «не істейміз ажырасамыз ба» деп жазыпты. Осыдан кейін бірінші болып арыз жазуға тура келді ажырасу туралы. Мен білмей кеттім, күйеуім бар адаммын ба әлде жоқ адаммын ба. Өзі үндемей құтылады, үйден сөйлесейік десең жоқ болып кетеді», – деп ағынан жарылады ол.

Мөлдірдің сөзінше, ұзақ жылдар жолдасының теріс жүрісіне көз жұмып, елемеуге тырысып келген. Некесін сақтап қалу үшін он төрт жылға жуық көніп келген. Ал қарым-қатынасының басып ашып алу үшін сөйлесуге тырысқанда жолдасы үнемі қашқақтап жүрген. Тіпті айлар бойы үйге келмеген. Әңгімесінде отбасылық өмірде үшінші бар адам болғанын меңзеді.

«Бір жылдары бәрі тоқтады, ана жақта бәрін тоқтаттым, енді тек сенімен боламын деген еді. Бірақ сегіз тоғыз жылдан кейін өзгерді. Ашық түрде, енді маған не істейсің деп жүретін болды», – деп түсіндіреді Мөлдір.

Мөлдір Мұқан мен Тұрсынбек Қабатовтың ажырасып кеткені жайлы бұған дейін сыбыс тараған. Оған Мөлдірдің инстаграмындағы контенті өзгеруі себеп болды.

Сондай-ақ оқыңыз