Трамп Нигерияға әскер кіргізуі мүмкін екенін айтты

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Трамп Пентагонға ядролық қаруды сынау процесін жеделдетуге пәрмен берді / Фото: shutterstock
Трамп Пентагонға ядролық қаруды сынау процесін жеделдетуге пәрмен берді / Фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп Нигерия билігі елдегі христиандарды өлтіруді тоқтатпаса, әскери операция жүргізуі мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі жазады.

Трамптың айтуынша, Вашингтон Африкадағы ең ірі мұнай өндіруші ел – Нигерияға қаржылай көмекті дереу тоқтатады.

«Нигериядағы христиан діні жойылу қаупінде тұр. Мыңдаған христиан өлтірілді. Бұл қырғын үшін радикалды исламистер жауапты. Осыған байланысты мен Нигерияны «ерекше алаңдаушылық туғызатын ел» деп жариялаймын. Бірақ бұл бәрі емес. Егер христиандарды немесе басқа да діни топтарды өлтіру жалғаса берсе, әрекет етуге тура келеді», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Пентагон басшысы Пит Хегсет те әскери ведомствоның дайын екенін растады.

«Нигерия үкіметі христиандарды қорғасын, әйтпесе біз бұл қатыгездіктерді жасап жүрген террористерді жоямыз», – деді ол X-тегі жазбасында.

Ал Нигерия президенті Бола Ахмед Тинубу бұл айыптауларды жоққа шығарып, ел билігі барлық азаматтың діни сенім бостандығын қамтамасыз ететінін айтты. Елдің Сыртқы істер министрлігі де арнайы мәлімдеме жасап, Нигерия экстремизммен күресті жалғастыратынын және АҚШ-пен одақтастық қатынасты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.

Бұған дейін Трамп әкімшілігі Нигерияны діни еркіндік саласында «ерекше алаңдаушылық туғызатын елдер» тізіміне қайта енгізген. Бұл тізімде сонымен қатар Қытай, Ресей, Мьянма, КХДР және Пәкістан бар.

Сондай-ақ оқыңыз