Жаңалықтар

Акциялары қымбаттаған Solidcore Resources компаниясы алтын өндірісін арттырды

ЕАБР предоставит Solidcore в кредит до $100 млн
Алтын өндірісі артты /solidcore-resources.com, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алтын өндіретін Solidcore Resources компаниясы 2025 жылдың ІІІ тоқсанында өндіріс көлемін өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға арттырып, 125 мың унция деңгейіне жеткізді. Оған Абай облысындағы концентратты қайта өңдеу мәселелерінің шешілуі себеп.

Компанияның мәліметінше, III тоқсандағы сатылым көлемі де 28%-ға өсіп, 156 мың унция алтын баламасына жетті. Бұл көрсеткіш «Қызыл» кен орнындағы концентрат қорын өткізу есебінен қамтамасыз етілген.

Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Solidcore кәсіпорындарындағы металл өндірісі 395 мың унция алтын баламасын құрады. Бұл өткен жылмен шамалас деңгей, алайда жыл басындағы Қызыл концентратын өңдеудегі кідірістер салдарынан дайын өнім көлемі 248 мың унция ғана болды. Сол кезеңдегі сатылым көлемі 260 мың унцияны құрады.

Компанияның үшінші тоқсандағы табысы 77%-ға өсіп, 536 млн долларға жетті. Ал тоғыз айдың қорытындысы бойынша табыс 14%-ға азайып, 861 млн долларды құрады. Соған қарамастан, Solidcore есепті тоқсанда оң қаржы нәтижесін көрсетіп, еркін ақша ағынын ұлғайтты. Қыркүйек соңында таза ақша қоры 355 млн долларға дейін көбейді.

2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Solidcore қағаздарының бағасы AIX биржасында 59%-ға өсті. Бұл көрсеткіш бойынша компания тек «Банк ЦентрКредиттен» кейін екінші орында тұр.

Сонымен қатар Solidcore акциялары AIX-тағы сауда айналымының шамамен жартысын қамтып, биржадағы ең өтімді бағалы қағаздардың бірі саналады.

Ресейдегі активтерін сатқаннан кейін Solidcore Resources Қазақстандағы алтын өндірушілер арасында екінші орынға шықты. Компанияның ірі акционері – Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International қоры жетекшілік ететін омандық инвесторлар консорциумы. Оның үлесі 29,7%-ға тең.

Санкциядан зардап шеккен Solidcore-ды биыл алтынның қымбаттауы құтқарған.