Алматыдағы зілзалада дабыл беру жүйесінің бұзылуына кінәлі шенеуніктер сотталды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ашық дереккөзден

Жер сілкінісі кезінде хабарлау жүйесінің жұмыс істемеуіне кінәлі шенеуніктер сотталды. Бұл туралы Алматы қаласы прокуратурасынан хабарлайды.

Қылмыстық жағдай былтыр Алматыда болған жер сілкінісіне қатысты. Еске салсақ, 2024 жылы 23 қаңтарда Алматыда жер асты дүмпулері сезілді. Бірақ ол жайлы халыққа дер кезінде хабарланбады. Оған дейін сатып алынған автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесі (ААЕЖ) дұрыс жұмыс істемеді.

Осыдан кейін прокуратура Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің қызметіне тексеру бастады.

«Тергеу барысында «TNS-INTEC» ЖШС бас директорының жеке пайда табу ниетімен сапасыз жабдықты жеткізіп, орындалған жұмыстардың жалған актілерін рәсімдегені және осылайша аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды», – деп хабарлады прокуратурадан.

Аталған қылмыстық іс бойынша Алматы гарнизонының әскери соты үкім шығарды.

Жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқаны үшін Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары, сонымен бірге техникалық қадағалау өкілдері қылмыстық жауапқа тартылды. Олар жеткізілген жабдықтың сапасы мен сәйкестігіне тиісті бақылау жүргізбеген.

Сот барлығын кінәлі деп тауып бас бостандығынан айырды және мемлекеттік әрі квазимемлекеттік органдарда белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салды.

Бірақ автоматты жүйедегі ақау әлі де бар. 23 қазанда алматылықтарға жер сілкінісі туралы қате ескерту келді. Сол кезде Төтенше жағдай министрлігі жүйеде қателік болуы мүмкін деп түсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз