Жаңалықтар

АҚШ-тың әлемді 150 рет жарып жібере алатын ядролық қаруы бар – Трамп

Трамп ядролық қаруды сынауға қандай жағдайдың түрткі болғанын айтты / Фото: shutterstock
Трамп ядролық қаруды сынауға қандай жағдайдың түрткі болғанын айтты / Фото: shutterstock

Трамп АҚШ-тың ядролық сынақ жасауғап не итермелеп жатқанын айтты. Оның пікірінше, «Ресей мен Қытай да дәл сондай сынақ өткізуде».  

RBC ақпаратына қарағанда, АҚШ президенті Дональд Трамп CBS News арнасына сұхбатында берген. Онда Америка Құрама Штаттары басқа елдер сияқты ядролық қаруын сынайтынын мәлімдеген.

«Ресей сынақтар өткізіп жатыр, Қытай сынақ өткізіп жатыр. Бірақ олар бұл туралы ашық айтпайды. Біз де сынақтар өткіземіз.  Өйткені олар да, басқа елдер де сынақ жүргізіп жатыр. Әрине, Солтүстік Корея да сынақ өткізеді. Пәкістан да сынақ жасайды», — деді Трамп.

Оның айтуынша, АҚШ ядролық қару жасап шығарады. Бірақ оны сынамайды, сондықтан оның жұмыс істейтіні не істемейтіні белгісіз болып қалады.

АҚШ көшбасшының сөзінше, АҚШ-та ядролық қаруы әлемдегі кез келген елден көп.

«Ресей екінші орында. Қытай үшінші орында. Бірақ олар бізден әлі алыста. Бес жылдан кейін олар бізге теңеседі. Олар қаруды тез өндіреді. Сондықтан біз денуклеаризация мәселесі бойынша бір шешімге келуіміз керек деп ойлаймын. Мен бұл туралы президент Путинмен де, төраға Симен де талқыладым», – деді Трамп.

Оның айтуынша, АҚШ-та «әлемді 150 рет жарып жібере алатын ядролық қаруы бар». Алайда, Америка — «сынақ өткізбейтін жалғыз мемлекет».

«Мен сынақ өткізбейтін жалғыз ел болғым келмейді», — деді Ақ үй басшысы.

Мұның алдында Трамп ядролық қаруды шұғыл түрде сынауға бұйрық берген болатын.