Астанада әйгілі «МГИМО» филиалы жұмысын бастады

Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) филиалы жұмысын бастады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қарашада алғашқы 103 студентке Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ММХҚИ ректоры Анатолий Торкунов студенттік билет табыс еткен.
Анатолий Торкуновтың сөзінше, филиалдағы білім беру бағдарламалары Қазақстан экономикасы мен сыртқы байланыстарын дамытуға бағытталған.
«Біздің міндетіміз – аймақтық және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті, кәсіби тұрғыдан дайын мамандарды даярлау», – дейді ол.
Филиал Қазақстан мен Ресей үкіметаралық комиссиясының шешімімен құрылды. Алғашқы студенттер оқуын биылғы қыркүйекте бастаған.
Білім беру бағдарламалары
Филиалда оқыту келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
- Бакалавриат: «Әлеуметтік-экономикалық және бизнес-процестерді талдау мен модельдеу», «Әлемдік минералдық-шикізат және энергетикалық нарықтар»;
- Магистратура: «Қаржылық экономика және қаржы технологиялары», «Көпжақты институттар және технологиялық дамуды жаһандық басқару».
Бағдарламаларды ресейлік және қазақстандық мамандар бірлесіп жүргізеді.