Бюджеттің 120 млн теңгесіне пәтер мен қымбат көлік алған шенеуніктер ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында «Таза Өскемен» кәсіпорнының бұрынғы басшысы мен оның орынбасары 120 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып отыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар қала аумағын күтіп-ұстауға бөлінген қаражатты өз пайдасына жаратқан.
«Лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, күдіктілер 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, қаражатты сыбайластарының есепшотына заңсыз аударған. Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер көрсетілген. Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.», – дейді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Бұл қомақты қаржыға күдіктілер Өскемен қаласындағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер, «BMW X6M» және «Subaru Forester» автокөліктерін, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды. Кәсіпорын директоры екі айға қамауға алынды.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде 6 млрд теңге жымқырғандар 8 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазғанбыз. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстанда әкімдіктің бұрынғы қызметкерлері бюджеттен 46 млн теңгеден астам қаражат ұрлағаны үшін 6,5-6,8 жылға сотталған еді.