Жаңалықтар

Ең дәулетті қазақстандықтар қайырымдылыққа қанша ақша бөледі

Ең ауқатты адамдар әлеуметтік жобаларға қанша қаржы бөліп отыр/фото: shutterstock,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ең ауқатты адамдар қайырымдылыққа жыл сайын миллиардтаған қаражат бөледі. Бірі арнайы орталықтарға жұмсалса, енді бірі спортқа бағытталған. Былтыр меценаттар су тасқынынан зардап шеккендерге де қаражат бөлген. Ranking.kz сарапшылары Forbes.kz тізіміндегі ТОП-10 адамның қайырымдылыққа қанша қаражат жұмсағанын жинақтаған.

Қазақстандағы ең бақуатты адамдар тізімінде бірінші қатарда ForteBank иесі мен бақылаушы акционері Болат Өтемұратов тұр. 2024 жылғы деректерге сәйкес, Өтемұратов қоры былтыр қайырымдылық және әлеуметтік жобаларға 51,9 млрд теңге жұмсаған. 2023 жылмен салыстырғанда қаражат көлемі 2,8 есе артқан.

Қор 13 өңірде аутизм бұзылысы бар балаларға арналған орталықтарды қаржыландырып келеді. Сондай-ақ былтыр Қызылорда әуежайы жолаушылар терминалын салуға қаржы бөліп, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсеткен.

Екінші орында Kaspi.kz және Alatau City Bank иесі Вячеслав Ким тұр. Ол бірнеше жылдан бері ANSA қайырымдылық қорын қаржыландырып отыр. Былтыр қор қаражаты есебінен 2 мың қазақстандыққа жалпы сомасы 20 млрд теңгеден астам көмек көрсетілген. Бұл қаражатқа екі көпқабатты үй, 300 жеке тұрғын үй және балабақша салынды. Нысан Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге арналған.

Қазақстандағы ең ауқатты адамдар қайырымдылыққа миллиардтаған қаражат бөліп отыр/инфографика: Ахтам Зиперов

Қазақстан меценаттары бестігіне Astana Group холдингінің негізін қалаушы және иесі Нұрлан Смағұлов, Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов және Тимур Құлыбаев (әйелі Динара Құлыбаева екеуі «Халық банкінің» негізгі акционерлері) кіреді.

Әркімнің қаражат бөлетін өз бағыты бар. Мәселен Тимур Турлов бір жылда шахмат федерациясын дамытуға 11 млн доллар қаржы бөлген. Ақша шахматты жарнамалау, турнирлер өткізу, дайындық лагерьлерін ұйымдастыру тәрізді шараларға жұмсалған.

Миллиардер тек шахмат қана емес, балалар футболына да қолдау көрсетіп келеді. 2025 жылы жазда ол Қарағандыдағы футбол қауымдастығының президенті болып сайланды. Сол өңірдегі футбол академиясын дамыту үшін 12 млрд теңге бөлуге дайын. 2024 жылдан бастап Freedom-ның демеушілігімен жасөспірімдер арасындағы QJ лигасы өткізіліп тұрады.

Forbes рейтингінде 6-10 орында тұрған KAZ Minerals компаниясының акционері Владимир Ким, BI Group холдингінің акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, ERG (Еуразиялық топ) директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов, «Аллюр тобының», «Агромашхолдинг KZ» және Qarmet компанияларының акционері Андрей Лаврентьев және Fincraft Group холдингінің иесі Кеңес Рақышев та қайырымдылыққа қаржы бөледі. Алайда олар жұмсаған қаражат туралы ақпарат көп жағдайда жұртшылыққа ашық жарияланбайды. Тек Рақышевтің былтыр 3,2 млрд теңге бөлгені көрсетілген.

Айта кетейік, ел азаматтары табысының 1,2%-ын қайырымдылыққа жұмсауға дайын. Осылайша Қазақстан 30-орынға жайғасқан. Қазақстандықтар мәрттік бойынша АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Нидерланд сияқты дамыған елдерден әлдеқайда жоғары тұр.