Халықтың несиесі 25 трлн теңгеге жеткен: жауапты агенттік не дейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов банктерге агенттік тарапынан нақты сигнал берілгенін мәлім етті.
Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылы Қазақстанда жеке тұлғалардың жалпы несиесінің сомасы 19 трлн теңге болса, 2025 жылы бұл қарыз 25 трлн теңгеге жеткен. Яғни, кейінгі үш жылда елде жеке тұлғаларға берілетін несие 6 трлн теңгеге өскен. Ұлттық банк кейінгі жылдары базалық мөлшерлемені көтерсе де, азаматтар банктерден жоғары пайызбен кредит алуын тоқтататын емес.
Бұл жағдайға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қалай қарап отыр? Tizgin.kz порталы осы сұрақты агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатовқа қойған. Қизатовтың айтуынша, агенттік банктерге сапалы несие беру керек деп талап қояды.
«Базалық ставканы көтерудегі мақсат – халыққа несиені бермеу емес. Ол шешімді Ұлттық банк қабылдайды. Инфляцияны қарайды, болжамға талдау жасайды. Инфляция өсіп жатса қарайды. Жалпы инфляцияның өсуі кері ықпал етеді, халықтың қаржылық мүмкіндігін төмендетеді. Сол үшін Ұлттық банк сондай шешім қабылдайды. Тұтынушылық несиенің өсуінің өзі жаман емес. Біздегі мақсат – несие өсімі сапалы болуы керек. Тұтынушылық кредиттер тек қаржылық жағдайы бар адамдарға ғана берілуі керек. Қайтаруға мүмкіндігі болуы тиіс. Тұтынушылық несиелердің тәуекел-қадағалау коэфиценттерін екі есе көтердік. Бұл – банктерге сигнал. Олар қаржылық жағдайы бар адамдарға ғана несие беруі тиіс», – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан халқының несиелік қарызы 24 трлн теңгеден асқанын жазған едік. Оның ішінде банк секторынан берілген кредит бір жылда 6,8 трлн теңгеге өсіп, 38 трлн теңгеден асты.
Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары да бизнеске несие бере бастады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстандағы микроқаржылық ұйымдардың даму қарқынын көрсететін есепті жариялаған болатын.