
Алматы облысындағы Іле өзенінің жағалауында орналасқан «Көшпенділер» қаласы облыстың туристік кластеріне енетін болды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Облыстық әкімдік ақпаратына сүйенсек, Іле жағалауында жаңа туристік кластерін дамыту жобасы басталған. Бұл өңірдегі туризмді дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Өңірлік әкімдіктің дерегінше биыл келген туристер саны былтырдан 30%-ға артық болған. Тек ішкі туризм бойынша ғана 1 миллионнан астам адам келген. Жыл сайын тек «Көшпенділер» кешенінің өзіне 50 мыңға жуық турист келетін көрінеді.
Өңірдегі ұлттық парктерге биыл 700 мыңнан астам турист келген. Әкімдік саланы дамыту үшін тарихи ескерткіштердің айналасын абаттандырмақ.
«Аумағымыздағы «Көшпенділер» кешенін қайта жаңғырту, Тамғалы Тас бағытында жаяу жүргіншілерге көпір салу және инфрақұрылымды абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Демалыс жайлылығы үшін глэмпинг аймақтары мен қоғамдық тамақтану нысандары да қарастырылған», – делінген хабарламада.
Әкімдік бұл жоба өңірдегі бизнеске жаңа серпін беріп, экономикалық дамуға алып келетініне сенімді.
Айта кетейік, «Көшпенділер» қаласы Іле өзенінің бойында, Қонаев қаласынан 30 шақырымдай жерде орналасқан. 2005 жылы «Көшпенділер» фильмін түсіру үшін арнайы салынған.