Маңғыстауда Каспий жағалауынан өлі итбалықтардың денесі табылды

Маңғыстауда Каспий жағалауынан өлі итбалықтардың денесі табылды. Екі мақұлық та теңізде қалған ауға оралып, өлгені байқалып отыр.
Lada.kz ақпаратына қарағанда, Ақтау тұрғыны хабарласып, Баутино елдімекені маңында теңіз жағалауынан бірнеше өлі итбалықтың денесін көргенін жеткізген.
Куәгердің айтуынша, теңіз жағалауында алты өлі итбалықтың денесі табылған.
«Кеше Баутино жағалауында алты өлі итбалық табылды. Олардың екеуінің үстінде ау болды», – деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін экологтар Каспий итбалықтарының қырылуының бірнеше себебі болуы мүмкін екенін айтқан. Олар – браконьерлердің ауына шырмалу, теңіз экожүйесіндегі өзгерістер және адам факторынан туындайтын әсер.
Мысалы, өткен жылдың қараша айында теңіз жағалауында өлі итбалықтардың жаппай табылғаны тіркелген. Тек Түпқараған ауданында бір ай ішінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде 1 155 итбалықтың денесі анықталған. Осыған байланысты Гидробиология және экология институтымен бірлесіп токсикологиялық және гистологиялық зерттеулер жүргізілген.
Мұның алдында эколог Каспийде итбалықтар неден қырылып жатқаны туралы айтқан еді.