ОПЕК+ 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында мұнай өндірісін қысқартады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

ОПЕК+ альянсы 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында мұнай өндіру көлемін арттыруды тоқтатпақ. Бұл шешім маусымдық сұраныстың төмендеуі мен нарықта мұнайдың артық ұсынысы қалыптасуы мүмкін деген болжам аясында қабылданған. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазады.

Brent маркалы мұнай бағасы жыл басынан бері 13%-ға төмендеп, баррелі 65 доллардан төмен деңгейге түсті. JPMorgan мен Goldman Sachs сарапшылары баға тағы да арзандауы мүмкін деген болжам жасап отыр. Ал Халықаралық энергетика агенттігі 2026 жылы мұнай нарығында ұсыныс сұраныстан асып түседі деген пікірде.

Дерекке сәйкес, биыл желтоқсанда өндіріс бар болғаны 137 мың баррельге артады. Оның ішінде Қазақстанға қосымша 7 мың баррель тәуліктік өндіру квотасы тиесілі. Осылайша, еліміздің мұнай өндіру көлемі қарашадағы 1,563 млн баррельден желтоқсанда 1,569 млн баррельге дейін ұлғаяды.

Шешім 2 қарашада Сауд Арабиясы, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак, Кувейт, Оман, Қазақстан және Алжир өкілдерімен бірлесіп қабылданған. Бұл ретте ОПЕК+ елдері тұрақты әлемдік экономикалық жағдай мен ағымдағы нарық конъюнктурасын ескере отырып, өндірісті ұлғайтуды уақытша тоқтатады.

Бұған дейін сәуір мен қараша аралығында ОПЕК+ елдері өндіріс көлемін тәулігіне 2,7 млн баррельге арттырған еді.

Айта кету керек, Қазақстан бұған дейін бірнеше рет ОПЕК+ келісімі бойынша белгіленген квотадан артық мұнай өндірген. Халықаралық энергетикалық агенттік мәліметінше, маусым айында Қазақстан тәулігіне 1,86 млн баррель мұнай өндірген: бұл белгіленген 1,514 млн баррельдік квотадан әлдеқайда жоғары. Ал мамырда көрсеткіш 1,78 млн баррель болған.

ОПЕК секретариаты бұған дейін Ресей, Ирак, БАӘ, Қазақстан және Оман үшін өтемақы өндіріс жоспарын бекіткен болатын. Қазақстанның өтемақы көлемі алдағы айларда 27 мың баррельден 2026 жылдың маусымында 663 мың баррельге дейін өседі.

Сондай-ақ оқыңыз