Қазанда азық-түліктің қай түрі арзандады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Жылдық инфляция 12,6%-ды құрады / Фото: kursiv.media архиві

2025 жылы қазан айында Қазақстандағы айлық инфляция деңгейі 0,5% болды. Ал жылдық деңгейде инфляция 2025 жылы қазанда 12,6%-ды құрады. Бұл ақпаратты Ұлттық статистика бюросы таратты.

Арзандаған азық-түлік түрлері

Азық-түлік тауарларының ішінде пияз (7,7%), алма (6,1%), қызылша (5,1%), қырыққабат (4,7%), сәбіз (4,4%), қант (2%), жүзім (1,1%), лимон (0,8%) арзандаған. Баға өсімі шоколад (2,3%), кофе, дайын дәмдеуіштер мен тұздықтар (әрқайсысы 1,8%-дан), құрма (1,6%), жарма өнімдерінде (0,7%) байқалды.

Азық-түлік емес тауарлар арасында биыл қазанда отандық құрастырылған жаңа автокөліктердің бағасы 1,5%-ға төмендеді. Қолшатыр 4,2%-ға, электр жылытқыш 2,5%-ға, цемент 0,4%-ға қымбаттады. Жуу және тазалау құралдардың, жеке қолданылатын тауарлардың баға деңгейі әрқайсысына 1% -дан, киім мен аяқ киімге, тұрмыстық аспаптарға 0,8%-дан өсті.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер
саласында суық су тарифі 40%-ға, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ тарифі 10,7%-ға, электр энергиясы тарифі 2%-ға төмендеді. Қоғамдық тамақтану қызметтері 2%-ға, шаштараздар мен сұлулық салондары қызметтері 1,5%-ға, тренажер залдары 0,8%-ға қымбаттады.

Жылдық инфляция

Жылдық мәнде инфляция 2025 жылғы қазанда 12,6% құрады. Азық-түлік ішінде жылдық мәнде күріш 8,3%-ға, өрік 5%-ға, қызанақ 1,4%-ға арзандады. Кептірілген жемістер мен жаңғақтар 2,9%-ға қымбаттады. 

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде кір кептіргіш 31,7%-ға, мұздатқыш 16,6%-ға, үтіктеу тақтасы 13,6%-ға арзандады. Ас үй құралдары бағасының деңгейі 7%-ға, электрбұрғы 5,9%-ға, электр шамы 5,2%-ға өсті.

2024 жылдың қазан айымен салыстырғанда аяқ киім жөндеу қызметтерінің бағасы 8,9%-ға, тұрғын үй-жайларға қызмет көрсету және жөндеу бойынша қызметтердің бағасы 7,8%-ға өсті. Бассейн қызметтері 10%-ға, тренажер залдары 8,8%-ға қымбаттады.

Айта кетейік, бұған дейін қыркүйекте жылдық инфляция 12,9%-ға жеткенін жазғанбыз. Еуразия тұрақтылық және даму қоры Қазақстан экономикасының негізгі тетіктеріне қатысты болжамына сәйкес, жыл аяғында инфляция шарықтау шегіне жетеді.

Сондай-ақ оқыңыз