Қазақстандықтар 1,5 трлн теңге кредитін үш ай бойы төлей алмай жүр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Халықтың мойнындағы кредиті артып жатыр / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылғы қыркүйек айында екінші деңгейлі банктер экономикаға беретін кредит көлемін ұлғайтуды жалғастырды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шолуында жалпы несие көлемі 1,8%-ға өсіп, 38,7 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері 14,6%-ға артқан. Яғни, банк жүйесі экономиканы қаржыландыруды белсенді жалғастырып отыр.

Экономикадағы несие құрылымы

Жалпы кредит көлемінде халыққа берілген тұтынушылық және өзге де қарыздардың үлесі жоғары: 44,8%. Бизнес субъектілеріне бағытталған несие 37,9%-ды, ал ипотекалық кредиттер 17,3%-ды құрады. Бұл құрылым халықтың тұтынушылық белсенділігі мен шағын және орта бизнестің несиеге деген сұранысының артқанын көрсетеді.

Несиенің 91,2%-ы теңгемен берілген. Ұлттық валютадағы кредит 1,3%-ға өсіп, 35,3 трлн теңгеге жетсе, шетел валютасындағы несиелер 6,3%-ға ұлғайып, 3,4 трлн теңгені құрады. Кредиттердің басым бөлігі – ұзақ мерзімді, яғни 86,1%. Бұл банктердің тұрақты, ұзақмерзімді жобаларды қаржыландыруға көбірек көңіл бөліп отырғанын аңғартады.

Бизнеске берілген несие де артты

Қыркүйек айында бизнеске берілген қарыздар 2,5%-ға өсіп, 14,7 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде шағын және орта бизнеске – 6,4 трлн теңге, ірі бизнеске – 5,3 трлн теңге, дара кәсіпкерлерге 3 трлн теңге бөлінген.

Банк кредитінің өсуі барлық салада байқалды. Өнеркәсіп саласына берілген несиелер 3,6%-ға өсіп, 4,9 трлн теңгеге жетті, сауда саласында – 2,7%, көлік пен байланыс секторында – 5,2% өсім тіркелді.

Тек қыркүйек айының өзінде бизнеске 1,77 трлн теңге жаңа қарыз берілген, бұл өткен жылдың дәл осы айымен салыстырғанда 11,1%-ға артық. Ұлттық валютадағы бизнеске арналған қарыздар бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме 21,6%-ды құрады.

Халықтың несиеге сұранысы жоғары

Банктер халыққа несие беруді де арттырды. Қыркүйекте жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 1,3%-ға өсіп, 24 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде тұтынушылық несие 16,2 трлн теңгені, ипотекалық қарыздар 6,7 трлн теңгені құрады.

Ай ішінде азаматтарға 1,73 трлн теңге жаңа несие берілген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10,8%-ға артық. Тұтынушылық кредиттер 11,2%-ға, ипотекалық қарыздар 19%-ға артқан. Бұл көрсеткіштер халықтың қаржылық белсенділігі мен тұрғын үйге деген тұрақты сұранысын айқын көрсетеді.

Теңгедегі несиелер бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме 19,7%-ды құрады, бұл тамыз айымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жоғары.

Несие сапасы мен тәуекелдер деңгейі қандай

Банк жүйесінің несие портфелі негізінен тұрақты болғанымен, мерзімі өткен қарыздар көлемі аздап артты. Қыркүйек соңында 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 3,5%-ды немесе 1,47 трлн теңгені құрады (жыл басында – 3,1%).

Халықтың кредиттерінде мерзімі өткен берешек 4,5%-ға жетсе, бизнес несиелерінде бұл көрсеткіш 2,3%-ды құрады. Проблемалық несиелерді жабуға арналған провизиялар деңгейі 63,6% шамасында, бұл банктердің тәуекелдерді басқару жүйесінің жеткілікті екенін білдіреді.

10 қарашадан қарызы бар азаматтар туралы дерек салық мекемелеріне жіберіледі.

Сондай-ақ оқыңыз