Қазақстандықтар дәрі-дәрмекті артық төлемсіз ала алады

2026 жылдан бастап Қазақстанда тегін және сақтандыру медицинасы шеңберінде ұсынылатын дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтер қосылған құн салығынан босатылады.
Қаулының тиісті жобасын Денсаулық сақтау министрлігі жаңа Салық кодексінің шеңберінде дайындады.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, осының арқасында пациенттер емдеу мен дәрі-дәрмектерді артық төлемсіз ала алады, ал медициналық ұйымдар қаржылық жүктемені азайтады.
Қосымша құн салығынан босату тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ, сирек және әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде қолданылатынын қоса алғанда, дәрілік препараттарға қатысты болады. Сонымен қатар, жеңілдік дәрі-дәрмектерді түпкілікті тұтынушыларға сатқанға дейін әкелуге қолданылады.
«Бұл шешім медициналық көмекті қолжетімді етуге және отандық фармацевтикалық компанияларды қолдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте МӘМС жүйесіне кірмейтін жеке медициналық ұйымдар үшін 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесі белгіленеді», — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство мұндай шаралар денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге және халықты әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі бағаны көтеретін дәріханаларды жоспардан тыс тексеретіні хабарланған болатын.