«Қазатомөнеркәсіп» уран өндірісін арттырды

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы 2025 жылдың үшінші тоқсанында уран сатылымын өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға ұлғайтып, 3,86 мың тоннаға жеткізді. Көрсеткіш компанияның операциялық есебінде жарияланды.
Жалпы, 2025 жылдың тоғыз айында «Қазатомөнеркәсіп» 12,8 мың тонна уран сатты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық.
Ал ураннның шала тотығы (U₃O₈) өндірісі осы кезеңде 12%-ға өсіп, 18,7 мың тоннаны құрады. Бұл өнім – уран рудаларын өңдеу мен ядролық отын өндірісінің арасындағы негізгі аралық кезең саналады.
Компанияның үшінші тоқсандағы орташа сату бағасы фунтына 68,8 доллар болды, бұл әлемдік спот бағадан ($76,28) төмен. Соған қарамастан, «Қазатомөнеркәсіп» қаржы болжамдарын қайта қарап, жыл қорытындысында табыстың айтарлықтай өсетінін болжады.
Жаңартылған мәлімет бойынша, 2025 жылы компанияның жиынтық кірісі 1,75–1,85 трлн теңге аралығында, ал өндіріс көлемі 25–26,5 мың тоннаны құрамақ.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылы компания 23,27 мың тонна уран өндіріп, 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға өсім көрсеткен. Алайда сатылым көлемі 16,7 мың тоннаға дейін, яғни 8%-ға төмендеген болатын.